Енді төлемін 90 күн кешіктірген адамға кредит рәсімдеуге тыйым салынады. Сондай-ақ, өтелмеген тұтынушылық берешектер бойынша сыйақы есептелмейді, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Бұл барлық екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарына қатысты талап болғалы отыр, себебі қазір қарызға батып, несиесін несие алып жабуға мәжбүр адам көп.

Мәселен, бүгін 8 миллион 500 мыңға жуық қазақстандықтың қарызы бар. Ал, 1 миллион 600 мыңға жуық азамат банк алдындағы берешегін уақытылы өтей алмай жүр. 90 күн кешіктірілген қарыздардың жалпы сомасы 1 триллион 700 миллиард теңгеден асып жығылған. 18-20 жас аралығындағы 480 мың жас та тұтынушылық несие рәсімдеп үлгерген.

Мәжіліс қарауға кіріскен заң жобасы тікелей халықтың қарыз жүктемесін азайтуға бағытталып отыр. Енді банктер мен қаржы ұйымдары беталды несие рәсімдей алмайды. Қарызын өтемеген мерзімі 90 күннен асатын азаматтарға тұтынушылық несие беруге тыйым салынады. Бастысы, қарыз алушының табысы толық тексеріледі. Өйткені, тұтынушы алған несиелердің жиынтық сомасы айлық жалақысының жартысынан аспауға тиіс. Бұл банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін де ортақ талап.

Сондай-ақ, заңға "тұтынушылық несие" ұғымы енгізіліп, оның ең жоғары мәні белгіленеді. Ол банктерге 5 миллион, микроқаржы ұйымдарына 2 миллион теңге болуы ықтимал.

"Заң жобасында банк омбудсманының азаматтардың барлық несиелері бойынша дауларды реттеу міндеттілігі енгізіледі. Сондай-ақ, банктер микроқаржылық ұйымдар және коллекторлар үшін банк омбудсманының шешімдерін орындау міндеттілігі енгізіледі", – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ.


Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың қарызын коллекторларға сату 2026 жылға дейін тоқтатылады


Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы қазір 500 мыңға жуық жастың тұтынушылық несиесі бар екенін айтты. Яғни, әлі тұрақты табысы жоқ 18-20 жас аралығындағы мыңдаған студент несиенің "дәмін татып" үлгерген. Осы жастардың 47 мыңы қарызын қайтара алмай жүр.

"Мерзімі өткен берешегі бар әрбір азамат проблемалық қарызын реттей алады. Мәселен, төлемді кешіктірген екенсіз, бірден қаржы ұйымына қайырылуыңыз керек. Сосын, қарызды қайта құрылымдауға сұраныс тастауға болады. Банктер ахуалға байланысты сіз үшін қолайлы нұсқалар ұсынып, төлем жасау кестесін өзгертіп береді", – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.