Қазақстанда "Тармақтар" атты алғашқы поэзия театры ашылды
19-20 шілдеде Алматы қаласында "TARMAQTAR" поэзия театрының тұсауы кесілді. Көрермендер еліміздегі тұңғыш поэзия театрының "Уақыт – үнсіз куәгер" атты қойылымына куә болды. Қойылымның басты рөлдерін Дархан Сүлейменов, Толқын Нұрбекова, Нұржан Асылхан, Бақытгүл Серікбаева және басқа да еліміздің танымал театр әртістері сомдады.
Жаңа форматтағы бұл театрлық жобаның негізі "Тармақтар" баспасының "Махаббатымды жеткізетін тармақтар" және "Миледи жазған…" атты поэтикалық кітаптарынан бастау алады.
"TARMAQTAR" жобасын бастағанда поэзияны оқырмандарға жаңаша форматта насихаттауды мақсат тұтып, алдымен кітап шығардық. Кітап оқырманға жақсы өтті. Поэзияны тек қана әдеби ортада ғана емес, барлық адам қабылдай алатындай, барлық адамның жүрегінен орын алатындай күш-қасиеті бар екенін ескере отырып, аудиторияға ерекше дүние ұсынсақ екен деген ниетпен осы поэзия театрын аштық", – деді "TARMAQTAR" баспасының негізін қалаушы, театр директоры Еламан Төлеутай.
Қойылымның инсценировкасын жасаған – Фархад Молдағали, ал режиссері – Серікжан Айтқали.
"Поэзия театрының жанашыры ретінде жастардың бастамасын қолдадым. "Тармақтардың" бренд ретінде өзіндік ойы қалыптасқаннан кейін оны қалай театрға айналдыруға болады деген сұрақты ұзақ талқыладық. Әдебиет пен театр – бір өнер, бір-бірімен тығыз байланысты. Бұрындары ақындар мен театр өкілдері жиналып, бір-бірімен ой-пікір алмасып жүрген. Сондықтан үзіліп қалған көпірді, осы байланысты жалғайық дедік", – деді Фархад Молдағали.
Бұл қойылым – махаббат пен сағыныштың, үнсіздік пен уақыттың кездесу орны. Уақыт бәрін біледі, бірақ ештеңе айтпайды. Ал адам бәрін сезеді, бірақ айта алмайды.
"Бұл қойылым махаббат машақатын анық көрсетті деп ойлаймын. Кейіпкерлер арасындағы үзік-үзік сыр, ынтызарлық, үрей мен қорқыныш, сағыныш пен торығу, жабығу, менмендік пен тәкәппарлық та бейнеленді. Уақыт пен махаббаттың тоғысуы жайлы шағын саунд-драма көрдік. Әндері мен жырлары үйлескен, сезімнің шырынын ішкізіп, уын таттырған әдемі, мағыналы қойылым. Махаббат та бәрі бар: үнсіздік те, көз жасы да, мөлдір мұң да, табысу да, астамсу да, теріс айналу да. Махаббаттан әркім іздегенін табады: шын күлкіні, шын бақытты, шынайы сағынуды. Махаббат деген дауылдан кейін бәрібір өзгересің. Бұрынғы қалпыңда қалмайсың. Махаббат деген ең ұлы күш, өйткені ол Құдайдың тілінде жазылатын монолог", – деді көрермен Шынар Әбділда.
Қойылым премьерасы екі күн бойы аншлаг болып өтті.