Биыл ақпанда Қазақстанда "қара нарықта" суды заңсыз сату мен сатып алудың жолын кесу бойынша жол картасы бекітілді. Оны Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Бас прокуратура бірлесіп әзірледі. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің Сенат депутаттарына берген жауабында айтылған. 

"Жол картасы аясында өңірлер мен экономика салалары бойынша су теңгерімін кешенді талдауды, заңсыз су тұтынатын және пайдаланатын тәуекел топтарын қалыптастыруды, ұсынылған есептерді салыстыруды, өлшеу құралдарымен жабдықталу деңгейін, су есебінің жай-күйін, су шаруашылығы құрылыстарының техникалық жай-күйін, сондай-ақ бассейндік су инспекцияларының құқық қолдану және бақылау-инспекциялық тәжірибесін талдауды қамтитын аналитикалық жұмыс басталды", – деді үкімет басшысы. 

Оның айтуынша, жол картасында цифрландыруға ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, Су ресурстары және ирригация министрлігі су пайдаланушылармен өзара іс-қимылдың бизнес-процестерін автоматтандыруға, оның ішінде шарттарды онлайн режимде жасасуға арналған бірыңғай цифрлық платформаны әзірлеп жатыр. 

"Сонымен бірге бассейндік су инспекциялары тарапынан бақылау күшейтіліп, су пайдаланушылармен жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде", – деп түйіндеді Олжас Бектенов.