Қазақстан әлемнің жетекші жоғары оқу орындары шоғырланған академиялық хабқа айналып келеді. Қазір елімізде Ұлыбритания, АҚШ, Түркия, Қытай, Ресей және Оңтүстік Корея университеттері кампус пен филиалдарын ашып жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Білім ошақтары энергетика, IT, бизнес және жасанды интеллект салаларына басымдық беріп отыр. Сонымен қатар 3+1, 2+2, 2+3 форматындағы бағдарламалар студенттерге екі елдің дипломын қатар алуға мүмкіндік береді.

Кейінгі 5 жылда елімізде шетелдік университеттердің филиалдары айтарлықтай көбейген. Бұл бастама Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр. Осы уақыт ішінде Қазақстан 40-қа жуық жетекші университетпен стратегиялық серіктестік орнатып, оның 33-і қазіргі уақытта жұмыс істеп тұр.

Мәселен, Астанада Cardiff және Coventry университеттерінің, сондай-ақ Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалдары ашылған. Алматыда Queen’s University Belfast кампусы жұмыс істейді, ал Шымкентте түркиялық Gazi университетінің филиалы бар. Қызылордадағы Сеул ғылым және технология кампусы жасанды интеллект бағытын дамытып отыр.

Ғылым және жоғары білім министрлігі комитет төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханның айтуынша, халықаралық тәжірибе мен ұлттық құндылықтар қатар үйлестіріліп, жастарды сапалы даярлау көзделген.

Студенттердің пікірінше, қос диплом бағдарламасы шетелде оқу мүмкіндігін кеңейтіп, тәжірибе жинауға жол ашады.

Сондай-ақ кампустар тек университеттердің базасында ғана емес, инвестициялық жобалар арқылы да ашылып жатыр. Мемлекет грант бөліп, білім беру инфрақұрылымын қолдап отыр. Биыл шамамен 2500 талапкер тегін оқу мүмкіндігіне ие болды.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбектың айтуынша, шетелдік университеттердің филиалдары білім сапасын арттырып, жастарға жаңа мүмкіндіктер береді.

Қазіргі таңда Қазақстанда 35 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жатыр. Бұл еліміздің өңірлік білім орталығы ретіндегі беделінің артқанын көрсетеді.