Қазақстанда сәуір айынан бастап Kinopark-Kinoplexx желілері жұмысын тоқтатады
Кино желілерінде жұмыс істейтін 800 адам 1 сәуірден бастап белгісіз мерзімге ақылы демалысқа жіберіледі.Бірінші сәуірден бастап елдегі кинотеатрлардың 33 пайызын қамтитын Kinopark-Kinoplexx желілері жұмысын тоқтатады. Бұған Ресеймен шартқа отырған голливудтық ірі компаниялардың кино ұсынудан бас тартуы себеп. Пандемия кезінде 10 миллиард теңге қарызға батқан компаниялар бұл жолы шығынды өтей алмайтынын айтады. Ал киноны қолдау орталығының жетекшілері керісінше мұндай кедергінің кино индустриясының жаңаша дамуына жол ашатынына сенімді, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы.
Аталған кино желілерінде жұмыс істейтін 800 адам 1 сәуірден бастап белгісіз мерзімге ақылы демалысқа жіберіледі.
"Қазір орыс тіліне аударылған кинолар беріледі. Бір-екі ай бойы осы фильмдерді көрсетеміз. Негізгі сұрақ жыл соңына дейін көрсетілуі тиіс кинолардың аударылу мәселесі. Мұндай сауалдарға компания жауап беріп жатқан жоқ. Пакет түгел болмаса, кинотеатрларға жұмыс істеу тиімсіз", – деді кинотеатрлар желісінің жетекшісі Алмаз Малдыбаев.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шүкенов Голливудтың тікелей Қазақстанға санкция салмағанын алға тартты. Айтуынша, аударма жұмысымен отандық компаниялар айналыса алады.
Оқи отырыңыз: Ақан Сатаев: "Қазақфильмнің" инженерлік желілері 1970 жылдардан бері жаңартылмаған, сымдары шіріп жатыр
"Отандық компаниялар Голливуд фильмдерінің тең жартысын өзі дубляждап жүр. Тіпті, үлгермей жатса, түпнұсқаны субтитрмен көрсетуге болады. Қытай көп жылдан бері осылай жасап жүр. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі жағдайда жаңа мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Мемлекет қолдауымен түсірілген 20 шақты фильм бар. Оның барлығы да биыл прокатқа шығуы керек. Өзіміздің қазақша киноларды насихаттайтын кез келді", – деді ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шүкенов.
Мұнымен қатар, жылына 500-ге жуық туынды түсіретін Корей, Қытай және Үндістан фильмдерін елге әкелу мәселесі пысықталмақ. Ал Ресей Голливуд фильмдерін өзіміз көрсетпесек те, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан сұрап беруге тырысатынын айтады.