Қазақстанда құжаттық мәртебе алған қандастар саны миллионнан асты
2025 жылдың қорытындысы бойынша 16 805 этникалық қазақ тарихи Отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. 1991 жылдан бері Қазақстанға барлығы 1 млн 164,8 мың этникалық қазақ оралған, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Министрліктің дерегі бойынша, келген қандастардың 44,5%-ы Өзбекстаннан, 44,1%-ы Қытайдан, 4%-ы Түрікменстаннан, 3%-ы Монғолиядан, 2,5%-ы Ресейден және 1,9%-ы басқа елдерден.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, еңбекке қабілетті жастағы қандастар – 57,4%, еңбекке қабілетті жастан кіші – 34%, зейнеткерлер – 8,6%. Олардың 15%-ы жоғары білімді, 27,5%-ы орта кәсіби білімді, 51,2%-ы жалпы орта білімді, 6,3%-ының білімі жоқ.
"Қоныс аударған этникалық қазақтар республикадағы түрлі өңірлерге қоныстанды. Еңбек күші тапшы өңірлер ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары анықталған. 2025 жылы осы өңірлерге 2 309 қандас қоныстанған, бұл бекітілген квотаға сәйкес келеді. Қандыс қоныстануына мемлекеттік қолдау шаралары да жүргізілді: бір отбасы мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде субсидия, тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерге жылдық 15–30 АЕК (59–118 мың теңге). 2025 жылы 1 834 қандасқа қолдау көрсетіліп, 428 адам тұрақты жұмысқа орналасты", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алу және салу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілген. 2025 жылы 586 отбасы сертификат алды, ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап сертификат мөлшері 1 625 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.