Қазақстанда құтырудан 3 адам қайтыс болды: алдын алу жолдары қандай?
Құтыру ауруының таралуы әлем бойынша өзекті мәселе болып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, бұл дерт орталық жүйке жүйесін зақымдап, дер кезінде ем қолданылмаса өлімге әкелуі мүмкін.
"Құтыру 150-ден астам елде тіркеледі. Жыл сайын әлемде 55 мыңнан астам адам осы аурудан көз жұмады. Қазақстанда 2025 жылы құтырудың үш жағдайы өліммен аяқталған (2024 жылы мұндай жағдай тіркелмеген). Жануарлардың тістеуі, тырнауы немесе сілекейі арқылы жұқтыру қаупіне байланысты былтыр 60 мыңнан астам адам медициналық көмекке жүгінген. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 14 мыңнан астам адам дәрігер көмегіне жүгінген", – делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, құтырудың алдын алудың негізгі жолы – дер кезінде вакцина алу. Сондай-ақ жарақат алған жерді сабынды ерітіндімен мұқият жуу қажет.
Дәрігерлер мынадай сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:
- жабайы жануарлармен байланысқа түспеу;
- үй жануарларына уақытылы вакцина салдыру;
- жануардың мінез-құлқы өзгерсе, ветеринарға көрсету;
- жануар тістеген жағдайда дереу медициналық мекемеге жүгіну;
- тағайындалған емді толық қабылдау.
Мамандар құтыруды емдейтін дәрі жоқ екенін ескертеді. Сондықтан құтыруға қарсы вакцина – адам өмірін сақтап қалудың жалғыз тиімді жолы.
Сондай-ақ арнайы емнің тиімділігі медициналық көмекке жүгіну уақытына тікелей байланысты. Дәрігерлер кез келген күмәнді жағдайда уақыт жоғалтпай, дереу вакцинация курсынан өтуді ұсынады.