Қазақстанда қоғамдық тамақтану саласы қарқын алды. Қай өңірде мейрамхана қымбат
Қазақстанда мейрамхана бизнесі қарқынды өсіп келеді. DATA HUB дерегі бойынша, 2026 жылдың I тоқсанында жаңа құрылыс аяқталғаннан кейін 15 мейрамхана пайдалануға берілген. Бұл – кейінгі жеті жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Ұлттық статистика бюросы мәліметтері негізінде жасалған есептеулер бойынша, бұл көрсеткіш 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай артқан.
Жаңа және жаңғыртылған мейрамханалардағы жалпы отыратын орын саны 4,3 мыңға жетіп, бір жыл ішінде екі есеге жуық өскен. Бұл – кейінгі сегіз жылдағы I тоқсан үшін рекордтық деңгей. Дегенмен, статистикаға қайта жаңартылған нысандар да кіретіндіктен, бір мейрамхананың орташа сыйымдылығын нақты есептеу мүмкін емес.
Сарапшылардың айтуынша, 2025 жылы тіркелген жоғары өсімнен кейін де нарықтағы қарқын сақталып отыр: жыл қорытындысында отыратын орындар саны 53%-ға артқан. Бұл елде мейрамхана бумының жалғасып жатқанын көрсетеді.
"Жалпы 4,3 мың орынның құны 9,5 млрд теңгені құраған. Орта есеппен бір орынның құны – 2,2 млн теңге. Ең қымбат орындар Шығыс Қазақстан облысында (шамамен 8 млн теңге) және Түркістан облысында (7,9 млн теңге) тіркелген. Орын саны бойынша көшбасшы – Жамбыл облысы (1,2 мың). Одан кейін Алматы облысы (1,1 мың) және Атырау облысы (0,7 мың) орналасқан. Республикалық маңызы бар қалалар арасында тек Шымкентте жаңа және жаңартылған мейрамханаларда 0,4 мың орын пайдалануға берілген", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, елде кафелер саны да өсіп келеді. Қаңтар-наурыз айларында жаңадан салынған 21 кафе пайдалануға беріліп, олардағы орын саны 2,5 мыңға жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 51%-ға артып, кейінгі 10 жылдағы I тоқсанның рекордын жаңартты.