Қазақстанда қарызы барларға қатаң шара: кім жүргізуші куәлігінен айырылады?
Қазақстанда төленбеген несие, айыппұл немесе өзге де берешек үшін борышкердің жүргізуші куәлігін уақытша тоқтату шарасы қолданылады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жеке сот орындаушылары қарыз өндіріп алу аясында банк картасын бұғаттап, шетелге шығуға шектеу қоюмен қатар, көлік айдау құқығын да тоқтата алады. Алайда бұл талап барлық борышкерге бірдей қолданылмайды.
Жеке сот орындаушысы Дамир Шахановтың айтуынша, жеке тұлғалар үшін шектеу 250 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асатын берешекке қатысты енгізіледі. 2026 жылғы есеп бойынша бұл шамамен 1 миллион 81 мың теңге. Ал заңды тұлғаларға қатысты шек – 1250 АЕК.
Алимент бойынша талап қатаңырақ. Егер төлем үш айдан астам уақыт төленбесе, берешек сомасына қарамастан жүргізуші куәлігін тоқтату шарасы қолданылады.
Заңгер Алина Шынтаеватың сөзінше, жүргізуші куәлігінен айыру тек сот шешімі негізінде жүзеге асырылады. Жеке сот орындаушысы қаулы шығарып, істі полиция органдарына жолдайды. Егер орындаушының әрекетінде заңбұзушылық болса, борышкер сотқа шағымдана алады.
Мамандардың айтуынша, егер азамат көлік жүргізу арқылы табыс тауып отырғанын дәлелдесе, сот оның көлік айдау құқығын сақтап қалуы мүмкін.
Сарапшылар қарызды уақтылы өтемеу әкімшілік, кей жағдайда қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертеді.