ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2026 жылға арналған өңірлік квотасы 8 278 адам деп белгіленді, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. 

2026 жылы өңірлік квота облыстар бойынша төмендегідей бөлінеді:

  • қандастар үшін: Павлодар облысы – 977 адам, Ақмола облысы – 285 адам, Абай облысы – 264 адам, Шығыс Қазақстан облысы – 200 адам, Солтүстік Қазақстан облысы – 200 адам, Қостанай облысы – 200 адам, Атырау облысы – 125 адам, Батыс Қазақстан облысы – 30 адам;
  • қоныс аударушылар үшін: Солтүстік Қазақстан облысы – 2 820 адам, Павлодар облысы – 1 655 адам, Шығыс Қазақстан облысы – 600 адам, Қостанай облысы – 485 адам, Абай облысы – 275 адам, Ұлытау облысы – 125 адам, Қарағанды облысы – 37 адам.

Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға мемлекеттік қолдау шарасы көрсетілетін болады, атап айтқанда:

  • көшуге субсидиялар – отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК бойынша біржолғы төлем;
  • 12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейін төленетін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін субсидиялар;
  • 400 АЕК мөлшерінде қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілер үшін субсидиялар;
  • қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
  • жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
  • тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттарын беру.