Қазақстанда қайырымдылыққа үйрететін мектеп ашылмақ
Қазір қарапайым халық қайырымдылық жасауға жасқанып қалды. Себебі бөлінген қаржы жүйелі жұмсалмай, алаяқтардың алақанында кетіп жатқан мысалдар аз емес. Сондықтан ғылым және жоғары білім министрлігі әлеуметтің сенімін қалай серпілту мақсатында жаңа мектептер ашпақ, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қазір көпшілік садақа беріп сауапқа кенелем дегеннен арылып қалды. Бұған себеп те жоқ емес. Екінші жағынан, азаматтардың қаржылық сауаттылығының аздығы да қайырымдылық жасарда сүріндіреді. Сондықтан осыдан бір ай бұрын мемлекет басшысы "эндаумент-қорлары" туралы заңға қолға қойған болатын.
Жаңа құжатқа сәйкес халыққа қайырымдылық негіздерін үйрету басталады. Яғни, филантропия мектебі ашылады.
"Қазір мына біздің фондтарға, яғни үкіметтік емес ұйымдарға қарасақ, олардың тіпті сайттары да жоқ. Олар кім екенін де білмейміз. Олар өздерінің жұмыстарын баяндап, есеп жасап тұру қажет. Соның бәрі мен ойлаймын білім жоқ, ақпарат жоқ. Соның бәрін осындай мектепте үйрету керек. Ол үшін арнайы мектепте ашу да дұрыс немесе пән болып мектепте немесе универде оқытса енгізу қажет деп ойлаймын", – деді қоғам белсендісі Бекнұр Қисықов.
Ал ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенованың айтуынша елімізде жалпы құны 50 млрд теңгені құрайтын 5 жоғары оқу орнында пилоттық эндаумент-қорларын құру жоспарланып отыр. Және сол қорлардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін мамандар даярлау қажет. Міне осы мақсатта АҚШ тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстанда филантропия мектебін ашу көзделген.
"Заңды әзірлеу кезінде эндаумент-қорлардың үздік тәжірибесі бар елдер негізге алынды. Ең сәттісі ретінде – АҚШ үлгісі алынды. Жеке заңның әзірленуі екі түрлі себепке байланысты. Бір жағынан қайырымдылық, екінші жағынан инвестициялық қызметті біріктіріп, оны бір заң аясында реттеу қажет болды", – деді ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова.
Сонымен, бұл заң жобасы, әсіресе, алаяқтыққа байланысты резонансты істер аясында өзекті. Себебі бүгінде алаяқтар азаматтар арасында қайырымдылықтың беделіне зор нұқсан келтіріп отыр.
Айта кету керек, енді барлық қорлар өз есептерін ашық түрде жариялауға сонымен қатар жыл сайын тәуелсіз аудиттік тексерістен өтуге міндеттеледі.