Қазақстанда орташа жалақы 429 мың теңгеден асты. Қай өңірлерде жалақы ең көп өсті
2025 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 429 368 теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артты. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Медианалық жалақы – табыстардың "ортасын" көрсететін көрсеткіш – 302 584 теңге болды. Ал биылғы жылдың басынан бері ең төменгі жалақы 85 000 теңге деңгейінде белгіленген.
Ең жоғары жалақы өсімі тіркелген өңірлер:
- Жетісу облысы – 18,1%,
- Алматы қаласы – 15,9%,
- Астана қаласы – 13%,
- Павлодар облысы – 12,4%,
- Ақмола облысы – 11,7%.
Салалар бойынша ең жоғары өсім байқалған:
- Ақпарат және байланыс – 21,5%,
- Ауыл, орман және балық шаруашылығы – 18,4%,
- Көлік және қоймалау – 17,6%.
- Өнеркәсіп саласында өсім 11% болды.
Ең төмен өсім құрылыс (2,5%), денсаулық сақтау (5%), және қонақүй мен мейрамхана қызметі (6,2%) салаларында тіркелді.
Ең жоғары орташа жалақы келесі салаларда:
- Тау-кен өндіру өнеркәсібі – 922 274 теңге (республикалық деңгейден 2,1 есе жоғары),
- Қаржы және сақтандыру – 883 611 теңге,
- Ақпараттық технологиялар мен байланыс – 818 114 теңге,
- Кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 637 570 теңге.
Ал ең төмен жалақы білім беру (290 891 теңге) және өнер мен ойын-сауық (305 088 теңге) салаларында тіркелді. 2025 жылдың үшінші тоқсанының соңында ел бойынша 63 871 бос жұмыс орны тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен тоқсанмен салыстырғанда 1572-ге көп.
Ең көп бос орындар:
- Өнеркәсіп саласында – 28,9%,
- Мемлекеттік басқару және қорғаныс саласында – 15,5%,
- Саудада – 10,6%.
Өңірлер бойынша көшбасшылар:
- Алматы қаласы – 15 471 вакансия,
- Астана – 7 550,
- Павлодар облысы – 6 800.
Деректер 1-Т "Еңбек туралы есеп" статистикалық нысаны негізінде ірі, орта және шағын кәсіпорындар (микробизнес қоспағанда) бойынша жиналған.