Қазақстанда онлайн несие рәсімдеу қиындауы мүмкін
Қашықта отырып банктен қарыз алу өтініштерін қарау мерзімі ұзартылады.Қазақстанда онлайн несие рәсімдеу қиындауы мүмкін, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, жаңа ереже арқылы хакерлерге тосқауыл қойылады.
Кейінгі бес айда интернет алаяқтық деректері бойынша 8 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді Оның жартысы несиелерді онлайн рәсімдеу кезінде жасалған.
Кибералаяқтар азаматтардың аңқаулығын пайдаланып, атына несие рәсімдеген немесе түрлі бағдарламаларды жүктеу кезінде шоттағы қаражатқа қол жеткізген. Ал өтініштерді қарау мерзімін ұзарту азаматтардың қайта ойланып, өз шешімін өзгертуге мүмкіндік береді.
"Қылмыстардың ашылмауына бірнеше себеп бар. Біріншіден, интернет-алаяқтар негізінен көрші елдерде отырады. Екіншіден, алаяқтық схемалары мен əдістерін үздіксіз жетілдіріліп отырады", – деді бас прокурор Берік Асылов.