Қазақстанда мұнай-газ химиясы саласында 19 мыңнан астам жұмыс орны ашылады
Алдағы бес жылдың ішінде мұнай-газ химиясы саласында 19 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді
Бүгінде мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған жол картасы бар. Оған сәйкес, жалпы құны шамамен 15 миллиард доллар болатын алты ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
"Жобаларды іске асыру шамамен 3,5 мың тұрақты жұмыс орнын және құрылыс кезеңінде 16 мыңнан астам уақытша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған шаралар саланы кешенді ынталандыруға және өңір экономикасын дамытуға бағытталған", – деді Ерлан Ақкенженов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Осы орайда министр мұнай-газ химиясы өнімдері бойынша негізгі жобаларды атады. Олар: 2029 жылға қарай Ақтөбе облысы мен Ақтау қаласында карбамид пен аммиак өндірісі; 2027 жылы алкилат, 2029 жылы полиэтилентерефталат және 2028 жылы бутадиен өндіру жобалары.