Қазақстанда мопедтерді тіркеу 1 желтоқсаннан басталуы мүмкін
Көлік құралдарын тіркеу ережелеріне өзгерістер енгізу жұмыстары қараша соңына дейін аяқталмақ.Қазақстанда мопедтерді тіркеу рәсімі жоспардан бұрын, 2024 жылғы 1 желтоқсаннан басталуы мүмкін. Бұл туралы Kolesa.kz ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёхаға сілтеме жасай отырып хабарлады.
"Қазір біз түзетуді бекітеміз, қарашаның аяғына дейін бұл жұмысты аяқтаймыз және 1 желтоқсаннан бастап тіркеуді бастаймыз. Техникалық жағдайға қойылатын талаптар әзірге жоқ. Кейін жүргізушілер мопедті техникалық тексеруден өткізеді. Алғашқы кезеңде тек нөмірдің болуын және қалғанын тексереміз", – деп түсіндірді Игорь Лепёха.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстанда мопедті заңдастыруға 6 ай берілді
- Мопедтерді тіркеу: Транспорт иесі қандай құжаттарды өткізуге тиіс
- Мопедке тағылатын нөмір: Оларды 14 мың камераның мыңға жуығы ғана тіркей алады
Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 3 қазанда мопедтерді тіркеуге міндеттейтін заңға қол қойды. Сәйкесінше, мопед иелері транспортын 3 сәуірге дейін тіркеп үлгеруі қажет.
Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті мопед иелерінің транспортын тіркеу үшін ұсынуға тиіс нақты құжаттар тізімін жария етті. Олар:
- жеке басты куәландыратын құжатты (жеке басты сәйкестендіру үшін) немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық нысандағы құжат;
- Салық кодексінінің 553 және 615-баптарында көзделген тіркеу алымымен КҚТК, МТНБ бергені үшін мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжаттар;
- техникалық құжат (бар болған жағдайда) немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы ашық ақпараттық көздерден алынған мәлімет;
- транспорт иесінің өтініші;
- көлік құралын қарап тексеру актісі (көлік құралын бастапқы тіркеу кезінде).