Астана мен Алматыда әлеуметтік маңызды тақырыпты арқау еткен "Игроманка" көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті. 2023 жылы Ұлттық киноны қолдау орталығы ұйымдастырған питчинг нәтижесінде мемлекет қолдауына ие болған киножобаны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен  Protalent кинокомпаниясы түсіріді. Фильм 15 мамырдан бастап прокатқа шықты.

"Игроманка" – құмар ойындарға тәуелділікпен күресу туралы терең психологиялық драма. Фильмде орта жастағы әйел Жұлдыздың оқиғасы баяндалады. Ол құмар ойындардың салдарынан отбасынан, жұмысынан және өмірге деген сенімінен айырылады. Өзінің тәуелді екенін мойындауы оның сауығуға бастар алғашқы әрі маңызды қадамына айналады. Сценарий нақты өмірден алынған оқиғалар негізінде жазылған. Жоба авторлары лудоманияға ұшыраған адамдармен сұхбаттасып, кәсіби психологтардың кеңесіне жүгінген. Бұл тәсіл экрандағы оқиғаның шынайылығы мен эмоционалдық әсерін күшейтті.

Фильмнің түсірілім жұмыстары Астана қаласында және Ақмола облысындағы көркем Бурабай мен Ұрымқай елді мекендерінде өтті. Табиғат көріністері кейіпкердің ішкі күйімен үндесіп, көрерменге терең әсер қалдырады. Жобада кино саласында мол тәжірибесі бар 75-тен астам кәсіби маман еңбек етті.

Фильмнің режиссері – Алдияр Байракимов, қоюшы операторы – Азамат Жанабеков, продюсерлер – Ардақ Қасымбек, Дана Мутурғанова, Әсел Сағи. Басты рөлде – Германияда тұратын, Еуропада танымал қазақ актрисасы Гүзел Жан. Сонымен қатар фильмде Жалғас Жанғазин, Бахтияр Қожа, Алтынай Нөгербек, Лейло Бекназар, Саят Мерекенов, Жан Байжанбаев, Еркен Гүбашев, Сырым Қашқабаев сынды танымал актерлер өнер көрсетті.


Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: Интернет дамыған сайын лудомания нағыз әлеуметтік індетке айнала бастады


Көрсетілім барысында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали фильмнің қоғамдық маңызын атап өтті.

"Деректерге сүйенсек, елімізде 500 мыңға жуық адам құмар ойынның құрбанына айналған. Тіпті, лудомания салдарынан он жұптың жетеуі ажырасады деген статистика бар. Былтыр Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесіне қатысты жаңа заңға қол қойып, мәселені мемлекеттік деңгейде назарға алды. Ұлттық кино орталығы да бұл әлеуметтік қатерге назар аударту мақсатында "Игроманка" фильміне қолдау көрсетті. Бұл жоба 2023 жылы питчингте жоғары баға алып, мемлекет тарапынан қаржыландырылды. Фильмде лудоманияның себеп-салдары көрсетіліп, одан шығу жолдары ұсынылады. Бұл – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның мәселесі. Сондықтан мұндай фильмдердің тәрбиелік, идеологиялық маңызы зор", – деді Құрманбек Жұмағали.

Ал бұған дейін "Паралимпиец" фильмімен танылған режиссер Алдияр Байракимов лудоманияның түп-төркіні көбіне балалық шақтағы психологиялық жарақаттармен байланысты екенін атап өтті.

"Толық емес отбасында өскен, ата-анасының мейірімін сезінбеген немесе алыстағы туыстардың қолында тәрбиеленген бала өзін керексіз сезінуі мүмкін. Мұндай ішкі күйзеліс жылдар бойы жиналып, адамды шынайы өмірден қашуға итермелейді. Осылайша, құмар ойынға қадам басуы мүмкін. Алғашқы жеңістер жалған сенім тудырып, ол адам өзінің бәрін бақылауда ұстап тұрмын деп ойлайды. Алайда бұл тәуелділікке себеп болған – бала кездегі шешілмеген психологиялық жара. Бұл туралы тек психолог қана айта алады. Біз мұны фильмде ашып көрсеттік", – деді Алдияр Байракимов.

Фильмнің бас продюсері Ардақ Қасымбек лудоманияны адамның еркіндігін шектейтін, өмірдің шынайы құндылықтарын көлегейлейтін дерт деп сипаттады.

"Лудоманиямен ауыратын адам бір сәттік ләззатқа беріліп, шынайы өмірден алыстап кетеді. Бірақ ол бұл тұзақтан өздігінен шыға алмайды. Сондықтан ең дұрыс шешім – кәсіби маман көмегіне жүгіну. Біз бұл фильм арқылы қоғамға ой салғымыз келді. Ал жобаның табысты шығуы тек сценарий мен дайындыққа ғана емес, кәсіби мамандардан құралған мықты ұжымға байланысты болды", – деді продюсер.