Қазақстанда ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу туралы заңды Сенат мақұлдады
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты архив ісі және заңға қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды екі оқылымда мақұлдады. Құжат Президенттің қол қоюына жолданды.
Аталған заң педофилияны және дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттайтын ақпаратты қоғамдық кеңістікте, бұқаралық ақпарат құралдарында, телекоммуникация желілерінде және онлайн-платформаларда орналастыруды шектеуді көздейді. Сенатта атап өтілгендей, заңның басты мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау.
Сонымен қатар, құжатта архив ісі саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған нормалар енгізіледі. Атап айтқанда, Ұлттық архив қорының құжаттарына, сондай-ақ жеке тұлғаның жеке және отбасылық өміріне қатысты мәліметтерді қамтитын материалдарға қолжетімділік құжаттар жасалған күннен бастап 75 жыл мерзімге шектеледі.
Заңға берілген қорытындыда Сенаттың тұрақты комитеттері тарапынан ешқандай ескертулер мен ұсыныстардың болмағаны көрсетілген. Осыған байланысты құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.
Айта кетейік, 12 қарашада Мәжіліс Қазақстанда ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заңды қабылдаған болатын. Аталған нормалар күшіне енгеннен кейін мұндай контентке 18+ жас санаты бойынша таңбалау енгізіледі. Сенатта бұл заң 4 желтоқсанда қаралуы тиіс болғанымен, құжат кейіннен күн тәртібінен алынды. Палатада бұл шешім жекелеген нормаларды қосымша пысықтау қажеттілігімен түсіндірілді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінде халықаралық тәжірибе зерделенгенін және мұндай нормалардың жекелеген топтарға қатысты агрессияның артуына немесе әлеуметтік оқшаулануға әкелетіні жөніндегі қауіптер расталмағанын мәлімдеді. Вице-министр Евгений Кочетовтың айтуынша, кейбір мемлекеттерде бұдан да қатаң шектеулер енгізілген, алайда ол елдерде сын айтушылар сөз етіп жүрген теріс қоғамдық реакция қалыптаспаған.