Қазақстанда ЛГБТ насихатына тыйым салына ма? Бектеновтің жауабы
ЛГБТ насихатшылары петициясын қараған жұмыс тобы оны ішінара қанағаттандырған.Қазақстанда ЛГБТ насихатына толықтай тыйым салуды талап еткен мәжіліс депутаттарының сауалына үкімет басшысы Олжас Бектенов жауап берді. Оның сөзінше, бұл мәселе бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу 2025 жылға жоспарланған. Зерттеу нәтижесі шыққаннан кейін осы саланы реттеу бойынша қоғамдық талқылау ұйымдастырылады. Ал қазіргі таңда мүдделі мемлекеттік органдар ЛГБТ қозғалысының кәмелетке толмағандарға әлеуметтік, психологиялық, медициналық және басқа ықпал ету факторларын зерттеп жатыр.
Бектеновтың жауабына сәйкес, Қазақстанда қызметі дәстүрлі емес жыныстық бағыттағы әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен, оның ішінде қоғамда ЛГБТ-қоғамдастығының өкілдеріне деген толерантты көзқарасты ілгерілетумен байланысты 3 бейресми бірлестік – "Калейдоскоп", "Feminita" және "KazFem" жұмыс істейді.
"Бұл бірлестіктер биыл жергілікті атқарушы органдармен келіспей, топтық акциялар ұйымдастырған. Бұл жағдайда олардың әрекеті Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу болып сараланды (ӘҚБтК-нің 488-бабы бойынша 2 белсенді әкімшілік жауапкершілікке тартылды)", – делінген үкімет басшысының жауабында.
Оқи отырыңыз: Әртүрлілік және тең мүмкіндіктер. Құқық қорғаушы Арсен Әубәкіровпен сұхбат
Олжас Бектенов, сондай-ақ, ЛГБТ қозғалысын экстремистік деп тануды халықаралық құқық қорғау ұйымдары азаматтардың сенім білдіру және қоғамдық бірлестіктерге қатысу бостандығына құқықтарын бұзу ретінде қарастыруы мүмкін екенін алға тартты.
"Бірқатар елдердің заңнамасы ЛГБТ-ны кәмелетке толмағандар арасында "насихаттауды" шектейтінін атап өткен жөн, алайда бұл шаралар тек бұқаралық тұрғыдан қарастырылады және мұндай қозғалыстарды экстремистік деп жіктеуге қатысы жоқ", – деді Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: Грузияда "ЛГБТ насихатына" және жынысын өзгертуге тыйым салынуы мүмкін
Премьер-министр биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсы петицияны қарайтын жұмыс тобын құрғанын және оның құрамына Парламент депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кіргенін еске салды. Жұмыс тобы бұл петицияны қарастырғаннан кейін ол "жасөспірімдер мен балаларды сексуалдық қатынастарды насихаттаудан қорғау, сақтау туралы" талап бөлігінде ішінара қанағаттандырылған.