Қазақстанда кедейлікті есептеу тәсілі өзгереді. Тұрмыс деңгейі қалай анықталады?
Қазақстанда кедейлік деңгейін есептеу әдістемесі өзгеруі мүмкін. Енді халықтың тұрмысын бағалауда тек табыс көлемі ғана емес, өмір сүру сапасы да ескеріледі, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жаңа тәсілге сәйкес, азаматтардың білім алу мүмкіндігі, медициналық қызметке қолжетімділігі, тұрғын үй жағдайы және басқа да әлеуметтік факторлар сарапқа салынады. Бұл отбасылардың нақты әлеуметтік ахуалын анықтауға мүмкіндік береді деп күтіліп жатыр.
Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгеріс бұрынғы жүйені толық алмастырмайды, тек қосымша бағалау тетігі ретінде енгізіледі. Яғни, абсолюттік кедейлікпен қатар, көпөлшемді кедейлік ұғымы да қолданысқа енбек.
Мамандар қазіргі тәсіл тұрғындардың шынайы жағдайын толық көрсетпейтінін айтады. Мысалы, табысы төмен болғанымен, баспанасы бар немесе керісінше, табысы жеткілікті болғанымен, негізгі қызметтерге қолжетімділігі шектеулі азаматтар бар.
Әлеуметтанушы Батжан Ақмолдиннің пікірінше, табыс деңгейі әр отбасы үшін әртүрлі маңызға ие. Кей жағдайда табыс жеткілікті болғанымен, тұрғын үй шығындары мен күнделікті қажеттіліктер отбасының нақты тұрмыс деңгейін төмендетуі мүмкін.
Сондай-ақ, кедейлік шегі елдегі жалпы өмір сүру деңгейіне байланысты анықталатыны атап өтілді. Сарапшылар кейбір мемлекеттерде әлеуметтік стандарттар әлдеқайда жоғары екенін, сондықтан кедейлік ұғымы да салыстырмалы екенін алға тартады.
Жаңа әдістеме арқылы адамның шынайы әлеуметтік жағдайы мен өзін-өзі қабылдауы арасындағы айырмашылықты нақты анықтау көзделіп отыр.