Елде жастар мен әлеуметтік осал топтарға берілетін грант көлемі артты, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

2016 жылғы бұйрыққа өзгеріс енгізіліп, жастар және халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін бизнесті дамытуға арналған грант көлемін 400 АЕК-ке дейін немесе 1,2 млн теңгеге дейін ұлғайту көзделген болатын. Аталған грант жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтарын өз ісін ашу үшін бастапқы құралдармен қамтамасыз етеді. Биыл барлығы 20 мың адамға грант беру жоспарланып отыр.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Кәсіпкерлік бастаманың жолын кесіп, тежейтіндер – көбінесе әкімдер


"Қағидаларға енгізілген өзгерістермен жастар практикасына және "Алғашқы жұмыс орны" жобасына қатысатын жас мамандардың жалақы мөлшерін 30 АЕК-ке дейін арттыру, сондай-ақ, жастар практикасына және "Алғашқы жұмыс орны" жобасына қатысу мерзімдерін тиісінше 12 және 18 айға дейін ұлғайту көзделеді. Бұл өзгерістер жастардың алған мамандығы бойынша жұмыс орнына сәтті бейімделуіне және бекітілуіне ықпал етеді", – делінген хабарламада. 

Биыл жастар практикасына кемінде 22 мың адамды жіберу, сондай-ақ, "Алғашқы жұмыс орны" жобасына кемінде 3 мың адамның қатысуын ұйымдастыру жоспарланып отыр. 

Еске салсақ, президент шағын бизнесті "Атамекенге" мүшелік жарнасынан босатуды тапсырды.