Қазақстанда дрондар көмегімен 6 мыңнан астам жол ережесін бұзу анықталды
Полиция бөлімшелері қолданатын дрондар арқылы ел аумағында 6 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Әуеден жүргізілетін тұрақты мониторинг жол апаттарының алдын алуға және қауіпті жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп отыр.
Ведомствоның хабарлауынша, дрондар адамдар көп жиналатын концерттер, спорттық матчтар және мерекелік іс-шаралар кезінде бақылаудың негізгі элементіне айналған. Құрылғылар қоғамдық орындарды жоғарыдан бақылап, күдікті әрекеттерді уақытылы анықтауға және полиция жасақтарын проблемалық аймақтарға жедел бағыттауға көмектеседі.
"Әуе мониторингі қоғамдық тәртіпті сақтау мен полиция күштерін басқарудың тиімдігін арттырды. Пилотсыз ұшу аппараттары оқиға орнын қарау, жоғалғандарды іздеу, дәлел жинау, қылмыстық ахуалды бақылау сияқты міндеттерде де кеңінен қолданылып келеді. Нақты уақыттағы бейнемониторинг тергеу процесін жылдамдатып, дәлелдердің сапасын күшейтеді", – делінген хабарламада.
Полиция Шымкентте өткен "Қарасора" және "Құқықтық тәртіп" жедел-алдын алу іс-шараларының нәтижесін мысалға келтірді. Дрон арқылы бақылау 44 жастағы әйелдің синтетикалық есірткі сатқаны анықталып, оны қылмыс үстінде ұстауға мүмкіндік берген. Тексеру кезінде көлік жүксалғышынан екі келіден астам есірткі табылған.
Полицейлердің айтуынша, дрондар техникалық жаңалық қана емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, жол қозғалысы тәртібін бақылауда және қылмыстарды ашуда күнделікті қолданылатын тиімді құралға айналған.