Қазақстанда "детектив" мамандығы заңдастырылуы мүмкін. Оларға қандай талаптар қойылады
Қазақстанда "детектив" мамандығын заңдастыру көзделіп отыр. Тиісті заң жобасы қазір Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісі қарауында. Егер құжат қабылданса, жеке детективтер жинаған айғақтар сотта дәлел ретінде қарастырылуы мүмкін, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Бүгінде елімізде жеке із кесушілер бар болғанымен, олардың қызметі нақты заңмен реттелмеген. Кинодағыдай плащ киіп, із аңдып жүретін детективтерден гөрі, қазақстандық мамандар көбіне құжаттарға сараптама жасап, талдау жүргізумен айналысады.
Детектив Рустам Мырзабаевтың айтуынша, олардың қызметі тергеушіден гөрі сарапшының жұмысына көбірек ұқсайды. Көбіне ірі бизнес өкілдері жүгініп, келісімшарттар мен құжаттардың шынайылығын тексертеді. Айғақ жинау жұмыстары да бар, алайда қазіргі таңда олардың деректері сотта негізгі дәлел ретінде қабылданбайды.
Жеке детективтік қызметті заңдастыру бастамасын мәжіліс депутаты Абзал Құспан ұсынған. Оның айтуынша, заң жобасында жеке детективтерді міндетті түрде лицензиялау, кәсіби жауапкершілік жүктеу және тапсырыс берушімен келісімшарт негізінде жұмыс істеу талаптары қарастырылған.
Сондай-ақ, детектив болуға үміткер азаматтың жоғары заңгерлік білімі болуға тиіс. Бұдан бөлек, жедел-іздестіру немесе тергеу саласында кемінде жеті жыл, не заң саласында 10 жылдан кем емес еңбек өтілі болуы қажет. Жас шектеуі – 30 жастан жоғары.
Адвокат Арман Шәріпов бұл бастаманы қолдайтынын айтып, детективтердің қызметін заңдастыру құқық қорғау органдары мен заңгерлердің жұмысын жеңілдетуге ықпал ететінін жеткізді.
Қазіргі уақытта елдегі жеке детективтердің нақты саны белгісіз. Ішкі істер министрлігі олардың есебін жүргізбейді. Депутаттардың айтуынша, заң жобасы қабылданса, бұл сала мемлекет бақылауына алынады. Алайда кейбір детективтер талаптардың күшеюі жұмысқа кедергі келтіруі мүмкін деп алаңдайды.