Қазақстанда бұрыш баллоны мен электрошокерді пайдалану заңды ма?
Қазақстанда кейінгі уақытта бұрыш баллоны мен электрошокерді өзге адамға зиян келтіру мақсатында қолдану деректері жиілеп барады. Мамандар мұны қорғаныс құралдарының интернет-дүкендер мен базарларда ашық сатылуымен байланыстырады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Полицейлердің айтуынша, бұл құралдар тек өзін-өзі қорғау мақсатында қолданылуға тиіс. Ал өзге адамға қоқан-лоқы көрсету, кек алу немесе әдейі зиян келтіру үшін пайдалану заңсыз саналады. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Мамандардың сөзінше, электрошокер адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. Әсіресе жүрек тұсы немесе мойын аймағына қолданылған жағдайда адам есінен танып қалуы ықтимал.
Заңға сәйкес, Қазақстанда тек сертификатталған электрошокерлерді сатуға рұқсат етіледі. Оларды 18 жасқа толған, тіркеу және сақтау құқығы бар азаматтар ғана сатып ала алады. Ал бұрыш баллондарын кәмелетке толған кез келген адам иелене алады.
Заңгер Сәния Нақыпованың айтуынша, бұл құралдарды тек қауіп төнген жағдайда өзін қорғау үшін ғана қолдануға болады.
"Басқа адамға қоқан-лоқы көрсету немесе кек алу мақсатында пайдалану заңға қайшы. Мұндай жағдайда қылмыстық іс қозғалуы мүмкін", – деді заңгер.
Қазіргі таңда қоғамда қорғаныс құралдарының ашық саудада жүруіне қатысты алаңдаушылық күшейіп отыр. Әсіресе оларды жасөспірімдердің немесе дайындықсыз азаматтардың оңай сатып ала алуы қоғам қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін деген пікірлер айтылып жатыр.
Айта кетейік, бұрыш баллонын қасақана қолданған адамға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша 21 мың теңгеге дейін айыппұл салынып немесе 10 тәулікке дейін қамауға алу жазасы тағайындалуы мүмкін.
Сонымен қатар Ішкі істер министрлігінде тіркелмеген электрошокерді алып жүру де заңсыз саналады. Ал осы құралдардың салдарынан өзге адамның денсаулығына зиян келсе, қылмыстық іс қозғалады.