Қазақстанда Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай жаңа кітап жарық көрді
Қолбасшы, жазушы, батыр Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай, KAZ Minerals тобының қолдауымен қазақ және орыс тілдерінде арнайы кітап жарық көрді. Аталмыш туынды Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Кітапта Бауыржан Момышұлының Көлбастау ауылындағы балалық шағынан бастап, соғыс майдандарындағы ерлігі мен бейбіт замандағы қоғамдық және әдеби қызметі туралы көпшілік білмейтін ақпарат бар. Сондай-ақ, архивті материалдар, Бауыржан Момышұлының шығармаларынан үзінділер, замандастарының естеліктері және бірегей фото суреттер жинақталған.
"Бауыржан Момышұлы туралы естелік – бұл ел тарихының бір бөлігі ғана емес, бұл өскелең ұрпақ адамгершілік бағдары. Бұл Ұлы адамның өмірбаяны ғана емес. Ол ұрпақтар сабақтастығының, ар-намыстың, батылдықтың және Отанға қызмет етудің құндылығын еске салады", – деді KAZ Minerals Management ЖШС басқарма төрағасы Эльдар Мамедов.
Кітап компанияның ұлттық мұраны сақтау және дәріптеу жолындағы мәдени-ағартушылық бастамалары аясында жарық көрді.