Қазақстанда азаматтарға SIM-карта беру құзыретін енді мемлекет атқаруы мүмкін, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Одан бөлек әр адамға тек бір ғана телефон нөмірін беру көзделіп отыр.

Цифрлық даму министрлігі байланыс саласына қатысты заң нормаларын өзгертуді ұсынды. Бұл шара интернет алаяқтарының жолын кесуге арналған дейді жауапты ведомство өкілдері.

Өйткені кейінгі уақытта қаскөйлер тұрғындарды арбауына түсіру үшін мыңдаған нөмір орнатылған SIM-бокстарды қолданатын болған.

Оның үстіне әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланатын қылмыскерлерді ұстау қиын. Сондықтан азаматтарға енді телефон нөмірін беруді шектеу керек деп отыр.

SIM-карталар электронды үкімет порталы немесе eGov mobile арқылы берілмек. Ал заңды тұлғалар алған әр нөмірі үшін есеп беріп отырады.