Қазақстанда ауыспалы нөмірлерден жасалған 43 миллионнан астам қоңырау бұғатталды
Қазақстанда соңғы жеті жылда интернет-алаяқтық саны 10 есеге, яғни екі мыңнан 20 мың қылмысқа дейін өскен.Биылдың өзінде интернет-алаяқтар азаматтарға 17,5 млрд теңгеден астам шығын келтірді. Бұл туралы Polisia жазды.
Ең жиі кездесетін алдау түрі – интернет арқылы “жоқ” тауарларды сату немесе қызмет көрсету кезінде алдын ала төлем алу (7000 факт). Екінші орында – банк қызметкерлерінің атынан жасалатын қоңыраулар (2500 факт). Үшінші орында – онлайн-қарыздарды ресімдеу (2000 факт).
Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алу және оларды ашумен ІІМ криминалдық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығы айналысады.
"Биыл жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде үш мыңнан астам интернет-алаяқтық жасаған 828 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қыркүйек айында Өскеменде 50-ден астам интернет-алаяқтық фактісіне қатысы бар үш күдікті ұсталды. Олардан ұялы телефондар, ноутбуктер тәркіленді. Жалпы келтірілген шығын 80 млн теңгені құрады", – деді ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай.
Желтоқсан айында Астанада полицейлер төрт алаяқтық сall-орталықты анықтады. Тінту іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары 170-тен астам ноутбук пен желілік жабдықты тәркіледі. Мүдделі мемлекеттік органдармен және байланыс операторларымен бірлесіп, ауыспалы нөмірлерден түсетін қоңырауларды бұғаттау бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Биыл 43 миллионнан астам қоңырау бұғатталды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда әрбір үшінші адам интернет алаяқтарына алданады
Сонымен қатар 15 қарашадан бастап Қазақстан тұрғындарының стационарлық телефондарына келіп түсетін халықаралық қоңырауларды анықтау және бұғаттау жүйесі іске қосылды. Жүйе іске қосылған сәттен бері 278 мыңнан астам қоңырау бұғатталды.