Қазақ спорт және туризм академиясы мен Halyk қайырымдылық қоры ауыл спортын дамыту мақсатында "Auyl sport" жобасын жүзеге асыруды қолға алды. 

Оның аясында спорттың бокс, еркін күрес, каратэ, баскетбол, волейбол және шахмат түрлері бойынша 8-14 жастағы балалар арасында республикалық турнир ұйымдастырылады. Бұл турнирге барлық өңірде аудандық, кейін облыстық іріктеу турнирлерінде оза шауып, жеңімпаз атанған жас спортшылар ғана қатысады. Ал барлық сыннан сүрінбей өткен үздіктерді Қазақ спорт және туризм академиясының жаттықтырушылары баптайды. 

"Қазіргі таңда Олимпиадаларда, әлемдік чемпионаттарда, өзге де халықаралық додаларда жеңімпаз, жүлдегер атанып жүрген даңқты спортшыларымыздың басым бөлігі ауылдан шыққан. Кешегі балалар бүгінде ел намысын түрлі ареналарда адал қорғап жүр. Сондықтан, ауыл балаларын қолдауға спортқа бейімдеуге басымдық беруіміз керек", – деп атап өтті Қазақ спорт және туризм академиясының тәрбие және спорт жұмысы жөніндегі проректоры Мұхтар Есқалиев. 

Фото: Қазақ спорт және туризм академиясының баспасөз қызметі

"Auyl sport" жобасының мақсаты – ауыл балалары мен жасөспірімдерін спортқа тарту, ауыл спортын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту және ауылдағы жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру.