Қазақстанда ашылатын Аризона университетінің филиалы қандай мамандарды дайындайды?
Білім саласы, IT, инженерия, агро-техникалық бағыттар бойынша білім беру бағдарламалары бойынша ағылшын тілінде жүргізіледі деген уағдаластық бар.Вице-министр Қуаныш Ерғалиев Аризона университетінің президенті доктор Роббинспен және АҚШ-тың Аризона штатындағы өкілдер палатасының спикері Бауэрспен онлайн-кездесу өткізді, деп хабарлады Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
"Күн тәртібінде стратегиялық серіктестік және Қозыбаев атындағы СҚУ базасында Аризона университетінің филиалын ашу мәселелері талқыланды. Кездесу барысында тараптар алдағы бірлескен жұмыс барысын талқылады. Аризона штаты өкілдер палатасының төрағасы Бауэрс жобаны жан-жақты қолдауға дайын екенін мәлімдеді және білім беру сапасын арттырудағы стратегиялық серіктестіктің маңыздылығын атап өтті. Тараптар білім беру қызметін жүзеге асыру, оқытушылық қызметке шетелдік ғалымдарды тарту тәртібін және лицензиялау мәселелерін талқылады", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Биыл білім гранты бойынша ауылдық квота 35 пайызға дейін артады
Білім саласы, IT, инженерия, агро-техникалық және тағы басқа бағыттар бойынша оқыту АҚШ-та аккредиттелген білім беру бағдарламалары бойынша ағылшын тілінде жүргізіледі деген уағдаластық бар. Негізгі басымдық қосдипломды бағдарламалар мен бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға беріліп отыр. Сондай-ақ, халықаралық профессорлар мен бизнес-қауымдастық өкілдері жұмылдырылады.
"Енді 2022 жылдың қыркүйегінен бастап Аризона университетімен бірлескен жұмысты бастау үшін стратегиялық ынтымақтастықты бекітетін нормативтік құқықтық құжатты қабылдау керек. Елімізде шетелдік оқу орындарының кампустарын ашу студенттердің сыртқа кетуін азайтып, қазақстандық жоғары білім жүйесіне әлемдік стандарттар мен жаңа әдістемелер енгізуге мүмкіндік береді. Отандық оқу орындары арасындағы бәсекелестік артады", – деп хабарлады БҒМ баспасөз қызметі.
Білім және ғылым министрлігі, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университеттері арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға 2021 жылы қол қойылған болатын.