Қазақстанда апелляциялық сатыдағы судьялардың саны артады
Апелляциялық сот тәжірибесі бірінші сатыдағы соттардың судьялық қателіктерінің санын азайтқан.Қазақстанда 2023 жылғы 1 шілдеден бастап республиканың апелляциялық сатысындағы соттардың жаңа құқықтық жағдайларда жұмыс істеуі жақсы нәтижелер берген. Атап айтқанда істердің қаралу жеделдігі артып, судьялық қателіктер санын қысқартқан. Соған орай, бұл жүйені күшейту мақсатында Қазақстанда апелляциялық сатыдағы судьялардың санын арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы мемлекет басшысының жарлығына өзгертулер енгізу туралы қаулы жобасы қоғамдық талқыға ұсынылды.
Қаулыға сәйкес, апелляциялық сатыдағы судьялардың саны 50 бірлікке артады. Есесіне, жүктемесі ең аз аудандық соттар судьяларының саны осы мәнге азаяды.
ҚР Жоғарғы сотының түсіндіруінше, егер бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мән-жайларды дұрыс анықтамаса, онда апелляциялық сатыдағы сот істі бірінші сатыға қайтармай, өз өндірісіне қабылдауға және оны бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарауға міндетті.
"Мәселен, бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылған кезде апелляциялық сатыдағы сот ұйғарым шығарады. Ұйғарымда істі бірінші сатыдағы соттың іс жүргізу қағидалары бойынша қарауға көшуі, іске қатысушы адамдардың жасауы тиіс іс-әрекеттері және оларды жасау мерзімдері туралы көрсетіледі. Көрсетілген әрекеттер аяқталғаннан кейін іс, әдетте, апелляциялық сатыдағы соттың сол құрамында қаралады", – делінген Жоғарғы соттың түсіндірме жазбасында.
Құжат жобасын талқылауға 26 тамызға дейін қатысуға болады.
Оқи отырыңыз: Жоғарғы сот Ұлттық тұтынушылар лигасының басшысына қатысты талап-арызды қанағаттандырмады