23-26 қыркүйек аралығында Қазақстан алғаш рет Орталық Азия тарихында Дүниежүзілік бағалы қағаздар орталық депозитарийлері форумын (WFC 2025) қабылдайды. Бұл – аймақ үшін маңызды оқиға және Қазақстанның жаһандық қаржы жүйесіндегі өсіп келе жатқан рөлінің айқын көрсеткіші.

Форум әр екі жыл сайын ұйымдастырылады, ал 2025 жылғы іс-шараны Қазақстанның Орталық депозитарийі (KCSD) өткізеді. Алматыда өтетін форумға қаржы нарығы инфрақұрылымы саласындағы 250-ден астам халықаралық сарапшы, көшбасшы және ұйым басшылары қатысады. Қатысушылар қатарында Clearstream, DTCC, ADB, WFE, ISSA, GLEIF, ICMA секілді жетекші институттардың өкілдері бар. 

Алматының форум өтетін қала ретінде таңдалуы – KCSD басқарма төрағасы Еділ Медеудің 2023 жылы Прагада өткен форумда WFC кеңесінің төрағасы болып сайлануымен байланысты. Бұл шешім Алматының Орталық Азиядағы қаржы астанасы ретіндегі мәртебесін тағы да дәлелдеді.

"WFC – бұл тәжірибе мен үздік практикалар алмасу арқылы ынтымақтастықты дамыту алаңы. Ол пост-трейдинг индустриясының дамуына ғана емес, сонымен қатар қаржы институттары арасындағы өзара әрекеттестікті күшейтіп, жаһандық трендтерді қалыптастырады. WFC2025 форумының Алматыда өтетіндігі – біз үшін үлкен мақтаныш", – деді Еділ Медеу.

2025 жылғы форумның негізгі тақырыбы – "Бағалы қағаздар орталық депозитарийлерінің эволюциясы: сын-қатерлер, мүмкіндіктер және пост-трейд инфрақұрылымының болашағы".

Бағдарлама аясында жоғары деңгейдегі жеті панельдік сессия және үш тәжірибелік кейс-презентация жоспарланған. Онда жаңа технологиялар, реттеу тәсілдері, тәуекелдерді басқару, трансшекаралық нарықтарды біріктіру және қаржы нарығының өзгермелі жағдайында орталық депозитарийлердің даму жолдары қарастырылады. Форумға әлемнің түкпір-түкпірінен ұлттық депозитарийлер мен жетекші қаржы ұйымдарының өкілдері қатысып, тәжірибе және инновациялық шешімдермен бөліседі.

KCSD Қазақстанның өңірлік есеп айырысу хабы ретіндегі рөлін нығайтуда – заманауи технологияларды енгізіп, халықаралық стандарттарды ұстанып, бағалы қағаздарды сақтау мен есеп айырысу қызметтерін тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл аймақ үшін де сенімді түрде қамтамасыз етуде.