Қазақстандық e-petition платформасында әділ тариф енгізуді көздейтін петиция жарияланып, бүгінде қол жинау процесі жүріп жатыр. Петиция авторы – Қазақстан энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығының басшысы Сергей Агафонов. Ол Қазақстанда тариф көтерілсе, бұл өз кезегінде қымбатшылықты күшейтіп, ел ішінде наразылықтар туатынын алға тартады. 

"Тарифті халықтың өзі бақылауы керек. Біздің әмиянымыз – олигархтардың табыс көзі болмауы тиіс. Бүгінде шенеуніктер бүкіл энергетиканы олигархтардың қолына беріп қойды, ал 2024 жылғы 1 сәуірден бастап нарықтан қалған тәуелсіз компаниялардың бәрі шеттетілді. Бұл ретте ешкім халықтан ештеңе сұраған жоқ. "Олигополиямен" күрес аясында олигархтардың өзі бәсекелестерін шеттетіп, күш алып жатыр. Өкінішке орай, мұнымен бірге шағын және орта бизнес үшін және ақыр соңында ел тұрғындары үшін де тариф өсу үстінде. Бұл неге әкеледі? Тарифтің бұдан да жылдам қымбаттай береді, ал энергетикалық жабдықтардың тозуы арта түседі. Ал мұның бәрі айналып келгенде Қазақстан азаматтарының қалтасына салмақ боп батады", делінген петиция мәтінінде. 

Сергей Агафонов бұл мәселені бұған дейін де тұрақты көтеріп келеді. Informburo.kz порталына берген пікірінде ол қазақстандық энергетика саласында "Тариф инвестицияға айырбас" бағдарламасы аясындағы қаражаттың қалай игерілетініне қоғамдық бақылау керектігін айтқан болатын. Мұны ол энергетикалық жабдықтарды қалпына келтіруге жұмсалуы тиіс қаражаттың қалай жұмсалып жатқанын ешкім білмейтінімен түсіндіреді. 

"Ал бюджеттік қаражаттың олигархтардың қалтасына түскен жағдайлар бір емес, бірнеше рет қайталанды", – дейді ол. 

Сергей Агафонов бұл ретте тарифтер жөніндегі халықтық кеңестер құрып, энергия ресурстарына әділ тариф белгілеу мәселесін шешуді ел азаматтарының өздері белгілеуіне мүмкіндік беру керектігін айтады. Тариф жүйесі әрбір қазақстандық азамат үшін түсінікті болуы тиіс.

Жылу-электр орталығының турбоагрегаты

Сондай-ақ, петиция авторы барлық өңірлік жылу-электр орталықтарын мемлекет меншігіне беру қажет және олардың капиталындағы 49% үлесті сол өңір тұрғындары алуы тиіс деп есептейді. Сергей Агафоновтың айтуынша, Еуропада өңірлі жылу орталықтарын тұтынушылардың кооперативтері басқарады. 

"Бұл жүйе жемісті жұмыс істеп жатыр. Тұрғындардың өзі бұл нысандардың қызметін бақылайды, ал әр кезеңде үнемделген қаражат болашақта тарифті төмендетуге жұмсалады", – деп түсіндірді Сергей Агафонов.