Тұрақтылық саласындағы технологиялық серпіліс: қазақстандық стартап – OzenM мен қытайлық Lihero компаниясы цифрлық экологиялық мониторинг саласындағы стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды, деп хабарлады "Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар" КЕАҚ баспасөз қызметі. 

Қазақстандық инженерлердің "ақылды гидробекет" идеясымен басталған жоба бүгінде жаһандық картаға қадам басты. Тараптар Қазақстанда OzenM шешімдерін енгізу туралы ғана емес, сондай-ақ Астанада Lihero өкілдігін құру туралы уағдаласты, бұл – компанияның Қытайдан тыс жердегі алғашқы кеңсесі болмақ. 

Lihero шығарындылардың үздіксіз мониторингі жүйесін, өнеркәсіптік объектілердегі су мен ауаның сапасын әзірлеумен және енгізумен айналысады. Енді бұл портфельге бүкіл ел бойынша гидробекеттердегі қоршаған ортаның жай-күйін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық платформа – OzenM-мен бірлескен жұмыс қосылады.

Тараптар "Астана" халықаралық қаржы орталығының базасында бірлескен кәсіпорын құру туралы, сондай-ақ Қазақстан аумағында 848 зияткерлік гидробекетті орналастыру бойынша ауқымды жобаны іске қосу туралы келісті. 

Жоба су мониторингі жүйесін жаңғыртуға, өлшеу дәлдігін арттыруға, процестерді оңтайландыру есебінен шығындарды азайтуға және "Бір белдеу, бір жол" бастамасы шеңберінде шешімдерді ілгерілетуге бағытталған. Алдағы уақытта тараптар Орталық Азияның басқа нарықтарына ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігін қарастырғалы отыр.

Бастама Халықаралық жасыл технологиялар және ивестициялық жобалар орталығы қолдауымен жүзеге асырылып жатыр және жасыл технологиялық акселерацияның басым бағыттарының қатарына кіреді. OzenM тұрақты даму саласындағы цифрлық трансформацияның негізгі жобаларының бірі ретінде өз ұстанымын нығайтуда.