Қазақстанда 800 5G базалық станциясы орнатылса, жыл соңына дейін олардың санын мың данадан артады. Бұл туралы цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Facebook желісінде жазды. 

"Базалық станцияларды орнату оңай процесс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, сіз бір базалық станцияны орнату үшін 3 айдан 9 айға дейін уақыт кететінін білесіз бе? Базалық станцияны орнату үшін байланыс операторы көптеген рұқсат құжатын алады. Ғимараттың төбесіне ең қарапайым базалық станцияны орнату үшін жалдау шарты, жобалау-сметалық құжаттама, СЭС рұқсаты және құрылыс аяқталғаннан кейін пайдалануға беру актісі қажет. Ал бір базалық станцияның құны шамамен 100 млн теңгені құрайды. Жыл соңына дейін ұялы байланыс операторлары республика бойынша 1 мыңнан астам базалық станция орнатады (ұялы байланыс операторларының есебінен)", – деп жазды Бағдат Мусин. 

Министрдің түсіндіруінше, көпқабатты үйдің төбесінде ең қарапайым базалық станцияны орнату процесі 2 аптаға дейін созылады, бірақ рұқсат құжаттарымен бірге бұл мерзім шамамен 3 айға созылуы мүмкін. Мұнара орнату процесі әлдеқайда көп, яғни, 6 айдан 9 айға дейінгі уақытты алады. Телеком компаниялары пәтерлері базалық станцияға жақын орналасқан үй тұрғындарының қолтаңбаларын жинайды. Олар базалық станцияны орнатуға қарсы болмауы керек. 

"Кейбір үйлерде радиофобтар тұратынын және олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет екенін ескерсек, бұл да белгілі бір уақытты алатын процесс", – деді министр. 

Оның сөзінше, қазіргі таңда шалғайда жатқан 10 ауылдық мектеп SpaceX компаниясының Starlink технологиясы бойынша кең жолақты Интернетке қосылды, оның жылдамдығы 200 Мбит/с дейін жетеді. Сондай-ақ еліміздің шалғайдағы елді мекендерінде 2 мың мектеп Интернетке қосылады. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 5G қашан қолжетімді болады?


Одан бөлек "цифрлық теңсіздікті" жою бағдарламасы шеңберінде 176 ауылдық елді мекеннің KazSat ғарыштық байланыс жүйесінің ресурстарындағы спутниктік көлік желісі арқылы кең жолақты Интернетке қолжетімділігін қамтамасыз етті. Мұндай ауылдардың жалпы саны 2024 жылдың соңына қарай 500-ге жетеді. 

"Қолжетімді интернет" жобасы аясында 3 мыңнан астам ауылды интернетке қосу көзделген, шағын және орта байланыс операторларын қолдау арқылы жоғары жылдамдықты интернет 400 мың үй шаруашылығына жеткізіледі. Тағы бір маңызды мәселе шешімін таппақ. Республикалық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту үшін цифрлық инфрақұрылым салу жоспарланып отыр. Бұған қоса, 487 антенна-діңгек құрылыстарын орнату көзделіп отыр. Бұл 17 мың шақырым автожолды мобильді интернетпен қамтуға мүмкіндік береді.