Қазақстан аумағында 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен 14 103 шетел азаматы еңбек қызметін жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Шетел жұмыс күшін (ШЖК) тартуға берілген рұқсаттардың ішінде:

  • 537 адам – басшылар мен олардың орынбасарлары (бірінші санат),
  • 2 244 адам – құрылымдық бөлімшелердің басшылары (екінші санат).

Ал тартылған шетелдік жұмыс күшінің басым бөлігі:

  • үшінші санаттағы мамандар – 3 784 адам,
  • төртінші санаттағы білікті жұмысшылар – 1 271 адам.

Сонымен қатар маусымдық жұмыстарға – 2 299 адам, корпоративтік ауыстыру аясында – 3 970 шетел азаматы тартылған.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда шетел жұмыс күшін пайдаланатын 1 817 жұмыс беруші бар. Бұл кәсіпорындарда 334,4 мыңнан астам Қазақстан азаматы еңбек етеді, яғни қызметкерлердің 96%-ын отандық мамандар құрайды.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша шетел азаматтары ең көп тартылған салалар:

  • құрылыс – 4 993 адам,
  • ауыл, орман және балық шаруашылығы – 2 316 адам,
  • тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 235 адам,
  • өңдеу өнеркәсібі – 1 155 адам.

Еңбек мигранттары негізінен келесі елдерден келген:

  • Қытай – 5 604 адам,
  • Өзбекстан – 2 110 адам,
  • Түркия – 1 036 адам,
  • Үндістан – 943 адам.

"Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында министрлік жыл сайын шетел мамандарын тартуға квота белгілейтінін еске салды. 2025 жылға арналған бастапқы квота республикадағы жұмыс күшінің 0,2%-ын немесе 14,8 мың адамды құрады. Кейін өңірлердің сұранысына байланысты ол 16,5 мың бірлікке дейін ұлғайтылды. Ал тамыз айынан бастап маусымдық шетелдік жұмысшыларға арналған кәсіптер тізбесінің кеңеюіне байланысты квота 0,25% немесе 19,4 мың адамға дейін арттырылды. Қазіргі таңда өңірлердің нақты қажеттілігі ескеріліп, бұл көрсеткіш 16,7 мың бірлікке дейін қысқартылды", – делінген хабарламада.