Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев үкімет отырысында отандық және шетелдік әуе компаниялары Қазақстанның халықаралық бағыттарын кеңейтіп жатқанын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, 2026 жылы жаңа халықаралық рейстерді ашу жұмыстары жалғасып жатыр.

"Қазірдің өзінде төрт жаңа рейс іске қосылды. Олар: Алматы – Шанхай, Астана – Ереван, Атырау – Ташкент және Ақтау – Ереван бағыттары. Сонымен қатар биыл тағы 11 халықаралық бағытты ашу немесе қайта іске қосу жоспарланып отыр", – деді министр.

Нұрлан Сауранбаев қазіргі таңда әлемдік авиация саласындағы негізгі мәселелердің бірі ұшақ тапшылығы екенін атап өтті.

"Жаңа ұшақтарды ұзақ күтуге тура келеді. Бүгін тапсырыс берілсе, жеткізу мерзімі 8–10 жылға дейін созылады. Өткен жылы америкалық Boeing компаниясымен қазақстандық тасымалдаушылар 15 млрд АҚШ долларына келісім жасаған болатын", – деді ол.

Министрдің мәліметінше, 2026 жылы үш ұшақ сатып алынған. Оның ішінде бір ай бұрын SCAT Airlines компаниясына бір күнде екі жаңа заманауи Boeing ұшағы жеткізілген.

Жыл соңына дейін қазақстандық авиакомпаниялардың әуе паркі тағы алты ұшақпен толықтырылады.