"Қазақстан халқына" қорына келген өтінімдердің басым бөлігі тұрғын үй және несиемен байланысты
Қор жетекшісі осы күнге дейін 30 мыңнан астам өтінім келіп түскенін айтты.Болат Жәмішев "Қазақстан халқына" қорының бизнесті қолдау арқылы тікелей жұмыс орындарын құру, азаматтарға тұрғын үй алып беру және несиесін жабумен айналыспайтынын мәлімдеді. Десе де әрбір өтінімді халықтың жанайқайы жатқанын алға тартты.
"Ауыр жағдайға ұшыраған барша азаматқа көмектесетін боламыз. Барлық өтініш қорға портал арқылы келіп түседі. Бүгінгі таңда 30 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Олардың ішінде 70%-ы – талапқа сай келмейтін өтінімдер. Негізінен бұл тұрғын үй сатып алу және несиені жабумен байланысты. Ал қалғандары қор көмек көрсете алатын шеңберге кіреді", – деді Болат Жәмішев.
Оқи отырыңыз: "Қазақстан халқына" қоры Қаңтар оқиғасы кезінде көз жұмғандардың отбасына 7 млн теңгеден береді
Мұнымен қатар, қор жетекшісі талапқа сай келмеген өтінімдерді ақылға қонымсыз деп бағаламауды сұрады.
"Ресми біртүрлі болып көрінсе де, мен өтінімдерді олай бағаламас едім. Иә, олар біздің мақсатқа және бағытқа сай келмеуі мүмкін. Қор кедейлікпен байланысты барлық проблеманы шеше алмауы, барлығын тұрғын үймен қамтамасыз ете алмауы және азаматтардың несиесін жауып та бере алмауы мүмкін. Бірақ бұл келіп түскен өтінімдер ақылға қонымсыз деген сөз емес. Олар бар болғаны тиісті емес жерге келіп тұр. Әрбір өтінімде қазақстандықтардың жанайқайы жатқаны сөзсіз", – деп қосты Болат Жәмішев.
Еске салсақ, "Қазақстан халқына" қорының Қаңтар оқиғасы кезінде көз жұмғандардың отбасына 7 млн теңгеден беретіні туралы хабарлаған едік. Ауыр жарақат алған азаматтардың отбасылары 3 млн теңгеден алады.