Қазақстан сүт нарығында қалай Ресей мен Беларусь импортына қарсы тұра алады
Барлық бөлімшелері мен қызметтері іске қосылғаннан кейін, бұл кәсіпорын Қазақстандағы сүт өңдеу саласындағы ең ірі және ең жоғары технологиялы зауыт болады. Жаңа зауыт швейцариялық технология бойынша дайындалған түрлі сүт өнімдерін шығарып, отандық нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ете отырып, Ресей мен Беларусьтен әкелінетін импорттық тауарларға лайықты бәсеке ұсынады. Бұл жобаның іске қосылуы – елдің солтүстігінде заманауи агроөнеркәсіптік кешен қалыптастырудың соңғы кезеңі. Бұл қадам мемлекет басшысының Жолдауында айтылған өңдеу саласын дамыту міндеттерімен толық үндеседі.
Зауыттың орналасқан жері де тарихи мәнге ие. Дәл осы жерде 1928 жылы алғашқы сүт кәсіпорны ашылған. Жоба пандемия кезінде басталғанына қарамастан, қысқа мерзім ішінде жобалау, құрылыс және іске қосу жұмыстары толық аяқталды. Еуропаның жетекші компанияларынан заманауи өндірістік желілер әкелініп, орнатылып, іске қосылды. Олар өнім сапасы мен қауіпсіздігінің жоғары стандарттарын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, Қазақстанда бұрын болмаған қуатты өндірістік кешен құрылды. Кәсіпорын жыл соңына дейін тәулігіне 350 тоннаға дейін сүт өңдей алады.
Қазіргі кезеңде зауыттың өндірістік қуаты жылына 51 мың тонна терең өңделген дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Соның ішінде: 7 мың тонна ірімшік, 12 мың тонна сары май, 12 мың тонна қоюлатылған сүт, 20 мың тонна сарысу концентраты мен қышқыл сүт өнімдері өндіріледі.
Кәсіпорында қазір күрделі жаңа өнім түрлері – қатты және жұмсақ ірімшіктерді шығару жолға қойылып жатыр. Ал алдағы жоспарларда – денсаулыққа пайдалы және спорттық тағамдар, сүзбе, әртүрлі қышқыл сүт өнімдері мен басқа да өнімдердің желілерін іске қосу бар.
"Жоғары сапалы сүт өнімдерін шығаратын зауыт ашу – бұл қазақстандық нарықты дерлік жаулап алған беларусь компанияларына біздің жауабымыз", – дейді "Eurasian Milk" ЖШС бас директоры Андрей Гриценко.
"Біз олармен тек өндірісті ұлғайту арқылы ғана емес, сонымен қатар өнімнің өзіндік құнын төмендету, дәм сапасын арттыру және ассортиментті кеңейту арқылы да бәсекелесеміз деп отырмыз. Мұндай ауқымды жобаны іске асыру – бүкіл саланы дамытуға және Қазақстан нарығындағы отандық өндірушілердің үлесін арттыруға жасалған үлкен қадам", – деп атап өтті ол.
Бүгінде отандық дүкендердің сөрелерін негізінен импорттық тауарлар жаулап алған. Ал жергілікті өндіріс шетелдік өнімдермен тең емес бәсекеде төтеп бере алмай, біртіндеп қысқарып, тіпті жоғалып кетіп жатыр. Eurasian Milk кәсіпорны өкілдерінің айтуынша, біздің елде импортқа қарсы тұрып, сәтті жұмыс істеу үшін өндірушілерге орасан инвестиция салып, күрделі заманауи технологияларды іске қосып, оларды толық ретке келтіру қажет. Сонымен қатар кадрларды нөлден бастап даярлау, еуропалық жетекші тәжірибені жергілікті мамандарға беру, фермерлермен байланыс орнатып, оларды оқыту қажет. Яғни бұл – үлкен тәуекелді талап ететін ауқымды жұмыс. Қазіргі жағдайда мұндай тәуекелге барып, осындай көлемді міндеттерді мойнына алуға көп компания дайын емес.
Сүт өнеркәсібіндегі соңғы жылдардағы ең ірі жобалардың біріне салынған бұл инвестиция инвесторлардың елдегі ішкі өндірісті дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатқа сенім білдіретінін көрсетеді. Сондай-ақ, президент алға қойған ұлттық азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін азайту міндеті мемлекет пен бизнес күш біріктірген кезде жүзеге асатынына деген сенімді дәлелдейді.
Сарапшылардың дерегінше, Қазақстанда сары май өндірісіндегі отандық үлес бүгінде 33%-дан аспайды, ал 67% өнім – импорт. Ірімшік сегментінде жағдай одан да қиын: нарықтағы қазақстандық өнімнің үлесі 10%-дан төмен. Қоюлатылған сүт категориясында импорттың үлесі дерлік 100%.
Петропавлдағы кәсіпорынның іске қосылуы осы өнім түрлері мен басқа да бағыттарда импортты алмастыруға нақты серпін беріп, қазақстандықтарға терең өңделген, жоғары сапалы отандық сүт өнімдерін ұсынуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, кәсіпорын экспорттық әлеуетін де дамытуды көздеп отыр. Қазірдің өзінде өнімдер Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Моңғолияға экспортталуда.
"Жаңартылған жаңа кәсіпорынның ашылуы – әлемдегі геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстанның азық-түлік саласы өсіп келе жатқанын көрсетеді. Еуропалық стандарттағы сүт өнімдерін шығаратын өңдеу кешенінің пайда болуы – көп жыл бойы көзделген отандық өндірістің деңгейі. Eurasian Milk зауытының іске қосылуы Қазақстан мен шетел нарықтарында позициямзды айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін", – деді Андрей Гриценко.