Қазақстан қыс мезгіліне 98,3 пайызға дайын: премьер-министр президентке есеп берді
Үкімет басшысы президентке экономиканың әр саласындағы өсім туралы есеп берді.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Олжас Бектенов президентке еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, егін орағы және жылу беру маусымына дайындық барысы туралы ақпарат берді.
"Биыл қаңтар-тамыз айлары аралығында экономиканың өсімі 3,7 пайызды құраған. Ауыл шаруашылығын жеңілдікпен қаржыландыру көлемі 3 есе ұлғайып, 580 миллиард теңгеге жеткен. Бүгінде еліміз бойынша дәнді және бұршақты дақылдар алқабының 70,2 пайызы жиналып, 17,2 миллион тонна астық бастырылған", – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр президентті еліміздің өңірлері жылу беру маусымына 98,3% дайын деп сендірді.
"Әлеуметтік нысандардың дайындығы жоғары деңгейде. Тұрғын үйлерді жылыту маусымына әзірлеу жұмыстары 98,3 пайызға орындалған. Электр станцияларына жыл сайын 60 миллион тонна көмір қажет. Қазір оның қажетті қоры бар", – деп хабарлаған Бектенов.
Сонымен қатар премьер-министр Тоқаевқа су тасқыны салдарын жою жөніндегі бұған дейін берілген тапсырмаларының орындалу барысы мен келесі жылы су тасқыны жағдайының алдын алу шаралары туралы айтып берген.
"Зардап шеккендердің барлығына әлеуметтік қолдау көрсетіліп, бүлінген дүние-мүлкі үшін өтемақы төленген. Баспанасынан айырылған үшін 5 767 тұрғын үй сатып алынды және 2 576 жаңа үй салынған. Ақмола мен Батыс Қазақстан облыстарындағы 104 нысанда жұмыс аяқталуға жақын", – деді Олжас Бектенов.
Мемлекет басшысы еліміздің өнеркәсіп әлеуетін одан әрі арттыру және инфрақұрылымды жаңғырту жөнінде бірқатар тапсырма берді.