Қазақстан қақтығысты тек саяси, дипломатиялық амалдармен реттеуге болады деп есептейді – Тоқаев Ресей-Украина қақтығысы туралы
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанның The News International газетіне берген сұхбатында журналистің Ресей мен Украина арасындағы соғысына қатысты сұрағына жауап берді.
"Расында, жағдай аса күрделі. Бұл жердегі ең басты мәселе – территориялық талас екенін түсінеміз. Қазақстан қақтығысты тек саяси, дипломатиялық амалдармен реттеуге болады деп есептейді. Қазіргі жағдайда бейбітшілікке қол жеткізудің жалғыз жолы – қақтығысқа қатысушы тараптарды келіссөзге келістіру. Бұған кәміл сенеміз. Қазақстан ара ағайын рөлін атқаруға ұмтылмайды. Алайда еліміз келіссөздерге бейтарап алаң ұсынып, жан-жақты көмектесуге дайын", – деді мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаев Гренландия мәселесін шешуге қатысты өз идеясын бөлісті.
"Халықаралық тәжірибеде мемлекеттер белгілі бір аумақты немесе стратегиялық нысанды жалға алу шартын жасаған мысалдар аз емес. Әдетте ортақ мүдде және өзара тиімді мақсатқа жету тұрғысынан осындай мәмілелер жасалады. Бір сөзбен айтқанда, осы іспеттес кез келген шешім халықаралық құқық аясында, соның ішінде БҰҰ Жарғысында бекітілген мемлекеттің егемендігін құрметтеу секілді қағидаттарды сақтай отырып қарастырылуға тиіс. Мәселен, Америка Құрама Штаттары мен Данияға Гренландияны 120 жылға жалдау туралы келісім жасауға болар еді. Бұл мәмілеге сәйкес, Гренландия заң жүзінде Данияның бір бөлігі болып қала береді, сәйкесінше, оның егемендік құқығы бұзылмайды. Ал практикалық уағдаластықтар стратегиялық мүдделерге сай келеді", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев тараптардың өзара диалог пен жауапкершілігі зор саясатты басшылыққа алып, халықаралық құқықтан ауытқымай, түптің түбінде прагматикалық әрі екі жаққа да тиімді келісімге келетініне үміт білдірді.