Қазақстан мен Пәкістан көлік-логистика саласындағы әріптестікті күшейтеді
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифтің келіссөздері екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы Исламабадқа мемлекеттік сапармен келуін зор мәртебе санайтынын айтып, Пәкістанның бай тарихы мен мәдени мұрасына жоғары баға берді.
"Қазақстан президенті ретінде Пәкістанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Бұл сапар тарихи мәнге ие және уақыт сынынан өткен серіктестігіміздің маңызды кезеңі саналады. Халықтарымызды Жібек жолы мен ислам өркениеті аясында ғасырлар бойы қалыптасқан достық байланыстырады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл сапар Қазақстан мен Пәкістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 34 жыл толуымен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Оның айтуынша, Пәкістан – Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктес.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін қол қойылатын Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларация екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін маңызды тарихи құжат екенін айтты.
Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ көлік-логистика саласындағы өзара ықпалдастыққа ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы Қазақстанның Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын маңызды транзиттік хаб екенін атап өтіп, көлік бағыттарын ұштастыру ел үшін басым бағыттардың бірі екенін жеткізді.
Президент Қазақстан Орталық Азия елдерімен үйлесімді ынтымақтастық аясында көлік-логистика саласындағы нақты жобаларды жүзеге асыруды жалғастыратынын айтты.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Шахбаз Шарифті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Мемлекет басшысы бүгінгі уағдаластықтардың жүзеге асырылуын пысықтау және екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайту мақсатында мәртебелі мейманды биыл қабылдауға дайын екенін жеткізді.
Кездесуде тараптар Қазақстан мен Пәкістанның БҰҰ, ШЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы көпжақты ынтымақтастығын жалғастырудың маңызын атап өтті.