Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Руто Астанада өткен келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар бастаманы жариялады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Кения президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен алғаш рет келіп отыр. Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, туризм және өнеркәсіп салаларындағы бірлескен жобаларды дамыту мәселелерін талқылады.

Президент Тоқаевтың айтуынша, тараптар Қазақстан мен Кения арасында тұрақты тікелей әуе рейстерін ашу мүмкіндігін де қарастырған.

"Елдеріміз арасында тұрақты түрде тікелей әуе рейстерін ашу мүмкіндігі жайында пікір алмастық", — деді мемлекет басшысы келіссөзден кейінгі брифингте.

Сонымен қатар Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе бидайды Африка нарығына жеткізуге мүдделі екенін білдірді. Осы бағытта Кениядағы Момбаса портын пайдалану мәселесі талқыланған.

Момбаса порты — Шығыс Африкадағы ірі логистикалық бағыттардың бірі саналады және аймақтағы сегіз мемлекетке шығуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қазақстан нарығында Кенияның шай және кофе өнімдері бар екенін атап өтіп, болашақта кениялық тауарларды Қазақстан арқылы Еуразия елдеріне жеткізу мәселесі де қаралғанын айтты.

Келіссөз барысында Қазақстан-Кения іскерлік кеңесін құру бастамасы көтерілді. Бұл құрылым екі ел арасындағы сауда айналымын арттырып, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ықпал етпек.

Президент Тоқаев Кенияны Шығыс Африканың қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттерінің бірі ретінде атап өтті.

"Кенияның әлемдік сахнадағы беделі артып келеді. Бұл президент Рутоның сарабдал саясаты мен көреген көшбасшылығының нәтижесі", – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздердің мазмұнды әрі нәтижелі өткенін ерекше атап өтті.