Қазақстан мен Франция заңсыз жүрген азаматтарды бір-біріне қайтару туралы келісімді ратификациялауға кірісті. Мәжіліс екі ел үкіметтері арасындағы реадмиссия туралы келісімді бекіту жөніндегі заңды қабылдады.

Құжатқа 2024 жылғы 5 қарашада Париж қаласында қол қойылған. Келісімге сәйкес, тараптар бір-бірінің аумағына заңсыз кірген немесе заңсыз жүрген азаматтарды өз еліне қайтаруға мүмкіндік алады. Сондай-ақ шетелде жүрген кезде төлқұжатын жоғалтқан азаматтар да айыппұлсыз және санкциясыз отанына қайта алады.

Мәжіліс отырысында сөз сөйлеген Қазақстанның ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов бұл мәселені қарау кезінде адами фактор ескерілетінін атап өтті.

"Қазіргі таңда Франция тарапы елге кіруге тыйым салынған жағдайда шенгендік ақпараттық жүйеге белгі қояды, ол кіріп-шығуды автоматты түрде шектейді. Алайда алдағы уақытта азаматтарымыздың заңсыз болуына байланысты істер қаралған кезде, төлқұжатты жоғалту, отбасылық жағдайлар немесе басқа да себептер секілді қасақана емес жағдайлар ескерілетін болады. Мұндай жағдайда Францияға заңды түрде қайта кіруге немесе шығуға тыйым салынбайды", – деді ол.

Дауыс беру қорытындысы бойынша келісім Мәжілісте мақұлданды. Енді құжат Сенаттың қарауына жіберіледі.