Қазақстан мен ЕАЭО елдері темекі контрабандасына қарсы күресті күшейтеді
Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекеттік органдарының өкілдері, Еуразиялық экономикалық комиссия, сондай-ақ заңды темекі бизнесінің өкілдері Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы темекінің "сұр импорты" мен контрабандасы мәселелерін талқылады.
Жыл сайын ЕАЭО елдеріне 10 млрд дана темекі заңсыз түрде жеткізіледі. Бұл одаққа мүше мемлекеттердің бюджетіне елеулі шығын келтіреді. Оның ішінде, Қазақстанда 2025 жылы темекі өнімдерінің заңсыз айналымынан түсетін салықтың жетіспеуі 36 млрд теңгеден асуы мүмкін.
"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов негізгі мәселе ЕАЭО-ның бірыңғай нарығының ерекшеліктері мен ішкі кедендік шекаралардың болмауымен байланысты екенін тілге айтты.
"Тауар ЕАЭО-ға мүше кез келген елдің аумағына кірген соң, басқа мемлекеттерге еркін қозғалады. Бұл – басты түйткіл. Біздің статистикаға сәйкес, әлсіз буын ретінде Қырғызстан көрініп отыр: Иран, Түрікменстан, Өзбекстан нарықтары арқылы заңсыз тауардың Қырғызстан аумағына өтуіне қатысты белгілі бір схемалар бар. Кейін бұл өнім сол елден ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттерге тарайды. Ал одақ елдерінің кез келгеніне түскен соң, контрабанданы анықтау мен тоқтату өте қиын. Сондықтан мәселені Одақтың сыртқы шекарасында шешу қажет деп санаймыз", – деді ол.
Осы орайда кездесу қатысушылары ЕАЭО-ның сыртқы периметріндегі бақылауды күшейту және "жалған транзит" деп аталатын схемаларға қарсы тетіктерді жетілдіру қажеттігін талқылады. Еуразиялық экономикалық комиссияның кедендік заңнама және құқық қолдану практикасы департаментінің директоры Қуат Рахимов қазіргі уақытта комиссия деңгейінде тауар қозғалысының ашықтығын арттыруға бағытталған кешенді шаралар әзірленіп жатқанын айтты.
"Бүгінде ЕАЭО елдерімен бірлесіп, жалған транзитке қарсы шараларды қолға алып жатырмыз. Соның ішінде навигациялық пломбаларды енгізу және сезімтал тауарлардың қозғалысын бақылауды күшейту бар. Бұл құралдар өнімнің қозғалысын бақылауға және заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді", – деді Қуат Рахимов.
JTI компаниясының темекінің заңсыз саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық директоры Эугениус Кикокас та бұл мәселеде нақты деректерді алға тартты.
"Темекі контрабандасы – халықаралық деңгейдегі қылмыс. Мұндай көлемдегі заңсыз өнім нарыққа тек жақсы ұйымдасқан арналар арқылы ғана түсе алады. Жеткізу тізбегін анықтау – құқық қорғау органдарының жұмысы. Ал біз, нарық қатысушылары ретінде, жеткізу көзін айқындауға көмектесе аламыз. Мәселен, Қырғызстандағы контрабандалық темекінің 75%-ы, ал Қазақстандағы 85%-ы Біріккен Араб Әмірліктерінен әкелінеді", – деді ол.
Кездесу барысында контрабандалық темекі қайда өндірілетіні де айтылды. БАӘ-дегі Джебель-Али арнайы экономикалық аймағы. Алайда сарапшылар бұл дерек Әмірліктерді айыптауға негіз емес екенін атап өтті.
"Темекі БАӘ аумағындағы арнайы экономикалық аймақта толықтай заңды түрде өндіріліп, экспортқа шығады. Алайда кейін бұл заңды тауар контрабандалық өнімге айналады, яғни құжаттар қолдан жасалып, басқа да заңсыз әрекеттерге жол беріледі", – деді Тимур Жаркенов.
Ал Эугениус Кикокастың пікірінше, "сұр нарықпен" күресу үшін мемлекеттер арасында халықаралық ынтымақтастықты жолға қою және мемлекет пен бизнес арасындағы диалогты күшейту қажет. Өндірушілер мемлекеттік органдармен ұсыныстарымен бөлісуге дайын, бастысы олардың пікірі ескерілсе болғаны.
Өз кезегінде Қуат Рахимов кездесуде ұсынылған темекі мен темекі өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты ақпарат жан-жақты талданып, кейін барлық бақылаушы органдарға жолданатынын атап өтті. Ол JTI компаниясының темекі өндіруші ретінде оның заңсыз айналымына қарсы күресте ең мүдделі тараптардың бірі екенін алға тартты.
Оң тәжірибе ретінде спикерлер Өзбекстанды мысалға келтірді. Онда 2024 жылдың басында 19% болған заңсыз нарық көлемі жыл соңына қарай 10,1%-ға дейін төмендеген. Бұған шекаралардағы транзиттік жүктерді қатаң бақылау және Қазақстанмен салыстырғанда контрабанда үшін анағұрлым қатаң жаза қолдану әсер еткен.
Кездесу қатысушылары мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы, халықаралық ынтымақтастық, ЕАЭО елдері арасындағы деректер алмасу және бизнестің белсенді қатысуы аймақтағы темекі өнімдерінің заңсыз айналымын қысқартудың негізгі тетіктері екенін атап өтті.