Қазақстан ислам қаржысын дамыту бойынша әлемде 19-орынды иеленді
Орта Азия – соңғы жылдары Ислам қаржысы өте қарқынды дамып жатқан өңір. 2024 жылдың басында ислам қаржысының активтері 699 миллион долларды құраса, болжамға сәйкес 2033 жылға қарай ол 6,3 млрд долларға жетеді. Бұл туралы AlHuda Ислам банкингі мен экономика орталығының хабарламасында айтылған.
Хабарламаға сәйкес, Орта Азия елдері ішінде Қазақстан көшбасшы ел ретінде танылып отыр. Мемлекет 2024 жылы ислам қаржысын дамыту индексі бойынша әлемде 19-орынға ие. Қазақстан үкіметі биыл ислам қаржысын ішкі нарықтың 3-5 пайызына жеткізуді жоспарлап отыр.
"Қазақстан қазірдің өзінде Парсы шығанағы елдерінің компанияларын тартты. Олардың қатарында Abu Dhabi Commercial Bank пен Lesha Bank бар. Ал қазақстандық Otbasy Bank 2025 жылы ислам ипотекасын іске қосуға дайындалып жатыр", – делінген хабарламада.
Орталық Азияны бүгінде 82 миллионнан астам адам мекендейді. Олардың 85-90%-ы – мұсылмандар. 2000 жылдан бері халық саны 40 пайызға артса, жыл сайын 2 пайызға өсіп келеді.
"Аймақтың жалпы ішкі жалпы өнімі 2024 жылы 519 млрд АҚШ долларына жетіп, соңғы жиырма жылда орта есеппен 6,2-6,4% деңгейінде өсіп отыр, бұл – көптеген дамушы экономикалардан озық көрсеткіш. Сыртқы сауда айналымы 2000 жылдан бері тоғыз есеге өссе, тікелей шетелдік инвестициялар көлемі он жеті есеге артты. Бұл экономикалық серпін әртараптандырылған қаржылық қызметтерге сұранысты арттырып, ислам қаржысы инклюзияны, тұрақтылықты және ұзақмерзімді дамуды ілгерілетудің тиімді құралы ретінде қарастырылады", – делінген AlHuda хабарламасында.