Қазақстан 2026-2027 жылғы Еуропа чемпионатын Алматы мен Шымкентте өткізуге өтінім берді. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы хабарлады.

Бұған дейін федерация 19 жасқа дейінгі қыздар арасында 2022/23 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінің матчтарын өткізуге рұқсат алған.

"Біз әлемдік футбол аренасында өз позициямызды нығайтуға белсенді түрде ұмтылудамыз. 2026-27 жылғы 19 жасқа дейінгі Еуропа чемпионатын Алматы мен Шымкентте өткізуге өтінім берілді. Бұл сұрақтың жауабы ағымдағы жылдың қыркүйек айында белгілі болады деп күтіп отырмыз",– деді федерация басшысы Әділет Назарбайұлы.

Сондай-ақ федерация президенті УЕФА ұсынған испаниялық маман Хуан Антонио Мариннің басшылығымен қазақстандық төрешілер мен делегаттар халықаралық матчтарға белсене қатысып, өз жұмыстарына жоғары баға алып жүргенін айтады.


Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар қандай спорт түрлеріне қызығады?


Бұдан өзге федерация осы жылдың басында УЕФА-мен бірлесе отырып, Қазақстанның 10 облысындағы 32 балалар үйінен 1154 баланы қамтыған фестивальдер өткізген.

Алдағы уақытта матчтарды ұйымдастыруға және жарыс ережелерін сақтауға жауапты ұлттық делегаттар институтын дамытуға ерекше назар аударылмақ.