26 қазан күні сағат 13:00-де "Барыс Арена" спорт сарайында XIII Республикалық қазақ күресі "Қазақстан Барысы" турнирі өтеді, деп хабарлады Астана әкімдігінің баспасөз қызметі. Бұған дейін турнир жеңімпазына 25 миллион теңге сыйақы табысталып келген болса, биыл жүлде бірден 10 миллион теңгеге азайған. 

"Турнирге Қазақстанның 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаланың ең мықты палуандары қатысады. Сондай-ақ, қатысушылар арасында өткен жылдың "Қазақстан Барысы" жеңімпазы және "Әскер Барысы" командасынан екі балуан болады. Турнирдің қорытындысы бойынша ең күшті балуан анықталып, 15 миллион теңге көлеміндегі басты сыйлықты алады", – делінген хабарламада. 

Турнирдің жалпы жүлде қоры 27 100 000 теңгені құрайды, оның ішінде 3 720 000 теңге спортшылардың жаттықтырушыларына бөлінген. 

Жүлделі орындар: 

  • 1-орынға – 15 млн теңге:
  • 2-орынға – 3 300 000 теңге: 
  • 3-орынға – 1 080 000 теңге. 

Әр жеңген жекпе-жек үшін балуан 100 мың теңге алады. 

Спортсүйер қауым мен жанкүйерлер үшін кіру тегін. Сондай-ақ, көрермендер үшін ұлттық стильде белсенді аймақ ұйымдастырылады, онда асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық ойындарды ойнауға болады.


Оқи отырыңыз: Сыр елінде "Ұлттық қауіпсіздік барысы" республикалық турнирі өтіп жатыр