Қазақстан Байқоңырдағы Ресейге жалға берілген 2 мың шаршы шақырымға жуық жерді қайтармақ. Ол жерде не салынады
Қазақстан үкіметі Байқоңыр аймағында Ресейге жалға берілген 6700 шаршы шақырым жердің 1747 шаршы шақырым бөлігін шарттан шығару бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жерде келешекте арнайы экономикалық аумақ құрылып, отандық ғарыш жобалары мен шетелдік стартаптар жүзеге асырылмақ. Бұл туралы үкімет басшысы Олжас Бектеновтің Сенат депутаттарына берген жауабында айтылған.
"Үкімет "Байқоңыр" кешенін Ресей Федерациясымен, сондай-ақ өзге мемлекеттік және жеке шетелдік серіктестермен бірге дамытуға ерекше көңіл бөледі. Қазіргі таңда Ресей ғарыш айлағының ұшыру кешендерінің тек үшеуін ғана (екі "Протон-М" зымыран тасығышы және бір "Союз-2" зымыран тасығышы) пайдаланып отыр", – деп жауап берді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ, премьер-министр Қазақстан мен Ресейдің "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру бойынша жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, кешеннің жерүсті инфрақұрылымының нысандарын және "Союз-5" зымыран тасығышын құру бойынша жұмыстар жоспарға сай жүріп жатыр.
"Бәйтерек" кешенінен бірінші "Союз-5" зымыран тасығышын ұшыру 2025 жылдың желтоқсанына жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Ресей "Союз-5" өндірісін Ресейден "Байқоңыр" ғарыш айлағына көшіру мәселесін қарастырып жатыр", – деді үкімет басшысы.