Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы KIA Qazaqstan автомобиль зауытын ашты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі
Мемлекет басшысы осыдан екі жыл бұрын Қостанайға сапары кезінде KIA Sportage автокөлігінің өндірісі іске қосылғанын еске салды. 

"КІА корпорациясы автомобиль шығаратын әлемдегі 10 ірі компанияның қатарына кіреді. Сондай-ақ КІА – Қазақстан азаматтары ең көп сатып алатын үш көлік маркасының бірі. KIA брендінің атауы "көтеріліп келе жатқан" және "Азия" деген екі иероглифтен құралуының символдық мәні бар. Шын мәнінде, компания Азияның жаңа экономикалық өрлеуі мен гүлденуінің жарқын көрінісіне айналды. KIA – келешектің корпорациясы. Кәсіпорын шығаратын автокөліктерде озық технология, тартымды дизайн және жоғары деңгейдегі сенімділік үйлесім тапқан", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев KIA компаниясы әлеуметтік жауапкершілік аясында адам капиталын дамытуға белсенді түрде инвестиция салып келе жатқанына тоқталды.

"Әлемдік автоалпауыт еліміздегі зауытты іске қоспай тұрып, Қазақстан және Корея университеттерімен, колледждерімен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жолға қоя бастады. Бұдан бөлек, білікті кадрларды даярлау үшін компания корпоративтік оқу орталығын ашуды жоспарлап отыр. KIA осы арқылы қызметкерлерге қамқорлық – ұйым мәдениетінің маңызды бөлшегі екенін көрсетеді. Бұл шынайы құрмет пен ниеттестік ортасын қалыптастырады. Жұмысшы мамандарға дәл осындай қарым-қатынас қоғамда еңбекқорлық пен әлеуметтік әділдік құндылықтарының орнығуына септігін тигізеді. Зауытта өндіріс локализациясына екпін қойылып отыр. Бұл шығарылатын өнімдегі қазақстандық үлесті едәуір арттыруға мүмкіндік береді", – деді мемлекет басшысы.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент жақында Үкіметке экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін нақты шаралар әзірлеу туралы тапсырма беріліп, осыған байланысты бірқатар маңызды шешім қабылданғанын айтты.

"Соған сәйкес енді азаматтарға автокөлікті лизингпен алу мүмкіндігі ұсынылады. Соның арқасында автокөліктер халыққа мейлінше қолжетімді бола түспек. Елімізде KIA Qazaqstan зауытының іске қосылуы осы саланы технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға зор серпін берері сөзсіз. Кәсіпорын болашақта басқа да жаңа көлік түрлерін шығарады деп сенемін. Осылайша, әлемдік озық талаптарға сай көліктерімізді сыртқы нарыққа, яғни шетелге шығаруға мүмкіндік болмақ. Қазақстан жаһандық автокөлік өнеркәсібінің дамуына бар күш-жігерін салуға дайын", – деді президент.

Еске салайық, KIA Qazaqstan зауытын салу туралы шешім 2023 жылы қабылданды. Кәсіпорын Қостанай қаласының индустриялық аймағындағы 62,95 гектар аумақта орналасқан. Зауыт жылына 70 мың көлік өндіре алады. Инвестиция көлемі – 131,5 миллиард теңге. Кәсіпорында 1500 жұмыс орны ашылған. Ал оның өнімі Қазақстанға, Орталық Азия және ЕАЭО елдерінің нарықтарына шығарылады.