Қазақмыс тау-кен байыту кешенін дамытудың стратегиялық жоспарын қарады
"Қазақмыс корпорациясы" ЖШС Басқарма төрағасының тау-кен ісі және байыту жөніндегі орынбасары Саят Бакиров компанияның 2060 жылға дейінгі тау-кен байыту кешенін дамыту стратегиясын талқылау үшін Тау-кен өндірісі (ТКӨ) бас директорларының қатысуымен кеңейтілген кеңес өткізді, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Отырыс барысында компанияның өндірістік бөлімшелері алдағы онжылдықтарға арналған өндірудің күнтізбелік жоспарын талқылады. Осының негізінде өндірістік инфрақұрылым салу мен жаңғыртуға инвестиция тартуды, сондай-ақ тау-кен-шахта жабдығын жаңарту мен ауыстыруды қамтитын қаржыландыру бағдарламасы қалыптасады.
Кеңеске қатысушылар басым бағыттардың қатарында мыс-шикізат қорын толықтыру мақсатында Q.I.Satbaev atyndagy Jezqazgan ТКӨ Жезқазған кен орнында (114 келісімшарт) геологиялық барлау жұмысын жүргізу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ өндіру көлемін қамтамасыз ету үшін "Жыланды" кенішінде өндірістік нысандар салу және оны жабдықтау жұмысын жалғастыру қажет.
Qaragayly ТКӨ бойынша кен игеру ісіне "Құсмұрын" кен орны қосымша тартылуда. Бұл Қарағайлы байыту фабрикасын шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Нұрқазған ТКӨ құрамындағы Нұрқазған байыту фабрикасын жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Жоспарға сәйкес, кәсіпорын 2029 жылға қарай жылына 4,5 млн тоннаға дейін шикізат өңдеу деңгейіне шығуы тиіс. Қазіргі таңда фабриканың көрсеткіші жылына шамамен 4 млн тоннаны құрайды.
Стратегиялық жоспар барланған кен қоры негізінде қалыптасуда. Алайда оны іске асыру барысында шикізат көлемі мен ондағы пайдалы компоненттердің құрамын нақтылау қажет болады. Осыған байланысты жаңа дерек анықталған сайын бағдарламаға түзету енгізіліп отырады.