Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары қарсаңында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде болып, ұйымның Бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Эрнесто Оттонемен кездесу өткізді, деп хабарлады ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Кездесуде Аида Балаева ЮНЕСКО-мен бірлескен жобалар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі үшін басым бағыттардың бірі екенін айтты.

"Қазақ мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында кітаптарды аудару және бірлесіп шығару саласында табысты ынтымақтастық орнатуға болады. Мен ЮНЕСКО жобаларының, соның ішінде бірге атқарған жобалардың сәтті жүзеге асырылуы үшін барлық күш-жігерімді саламын", – деді Аида Балаева.

Тараптар Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы мәдени ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, атап айтқанда, Дүниежүзілік мәдени мұра ескерткіштерін қорғау, материалдық емес мәдени мұраны зерттеу және насихаттау, креативті индустрияларды дамыту мәселелерін талқылады.

"Кездесу Қазақстанмен Дүниежүзілік мәдени мұра, материалдық емес мұраны сақтау, сондай-ақ креативті индустриялар бойынша жүргізіліп жатқан түрлі жобаларды талқылау тұрғысынан өте нәтижелі болды. Кейінгі жылдары бірлескен жұмыс өте белсенді жүріп жатыр. Әсіресе, ЮНЕСКО мен Қазақстанның жобалары аясындағы жұмыстардың ілгерілеуі байқалады", – деді Эрнесто Оттоне.


Оқи отырыңыз: Биылғы "Еуразия" кинофестивалінде Шәкен Айманов пен "Қазақфильмнің" мерейтойына ерекше мән беріледі